Балалардың терезеден құлауы жиі болады – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Балаларды қорғау күніне орай «Балаларға күлкі сыйла!» акциясы аясында ұйымдастырылған баспасөз турында Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының дәрігерімен сұхбаттастық.

Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы 350 төсек орынға арналған және мұнда балалармен бірге 200-дей ата-ана жатады. Аурухана бойынша 12 бөлімше бар. Оның ішінде хирургиялық және соматикалық бөлімдер. Бізге күнделікті 600-700-ге жуық бала түседі, – дейді №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директорының орынбасары Медет Нұғыманов.

№2 Көпбейінді балалар ауруханасына травматологиялық, хирургиялық, соматикалық аурулармен келетін балалардың 95 пайызы МӘМС бойынша тегін қызмет алады. Бұл аурухана елорда бойынша хирургиялық көмек көрсететін жалғыз аурухана болып саналады.

Жергілікті немесе басқа жақтан келген балаларға жедел хирургиялық көмек тек қана осы ауруханада күні-түні көрсетіледі. Ол нейрохирургия болсын, жақ-бет хирургиясы болсын, травматология болсын, жалпы хирургия болсын солай, – дейді дәрігер.

Сондай-ақ Медет Нұғыманов баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі ата-ананың бірінші міндеті екенін атап өтті.

1-2 жастан бастап 6 жасқа дейін балалар ойын алаңдарында көбіне өзімен-өзі ойнап жүреді, ата-аналар телефонда отырады. Сондай жағдайда балалар құлап жатады, сырғанақта бір-бірімен соғылып жататын жағдайлар көп және терезеден құлау жиі болады. Ол ата-аналардың балаларына көңіл бөлмеуінен болып отыр, – деді ол.

Айта кетейік, «Балаларға күлкі сыйла» акциясы аясындағы пресс-тур Медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының ұйымдастыруымен өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы