Балалардың тәрбие алатын жағдайларына ерекше мән беруіміз қажет – Байханов
Павлодар облысында өңір басшысының тапсырмасы бойынша балабақшаларды кешенді күрделі жөндеуден өткізу жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа өңірлік бағдарлама аясында әзірге облыс орталығындағы №5, №42, №82 балабақшалары жөндеуден өтті. Балабақшаларды жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасады.
Мектепке дейінгі мекемелердің қалай жаңартылғанын бүгін өңір басшысы Асайын Байханов тексерді.
Үш балабақшада кешенді жөндеу жұмыстары 2023 жылдың маусымында басталып, жарты жылда аяқталды. Мектепке дейінгі мекемелердің ғимараттарының іші-сырты толығымен әрленді, инженерлік коммуникациялары және аумағы жаңартылды.
Әрбір балабақша жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларымен жабдықталды, барлығында ойын және оқу аймақтары қайта жарақтандырылды, жиһаздары жаңартылды.
№5 балабақшада электрмен жабдықтау, кәріз, сумен жабдықтау және жылыту жүйелері толығымен ауыстырылды.
1981 жылы салынған №42 мектепке дейінгі гимназияның ғимараты мен аумағына күрделі жөндеу жүргізілді. Балалардың талантын ашу үшін барлық жағдай жасалған: музыка залы, бассейн, инклюзия, ағылшын тілі, информатика кабинеттері және т. б. жұмыс істейді.
Павлодардың №82 арнайы балабақшасына көру қабілетінде бұзылыстары бар балалар барады. Өткен жылдың желтоқсан айында мектепке дейінгі мекеме 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Балабақша ашылғаннан бері мұнда алғаш рет осындай ауқымды күрделі жөндеу жүргізілді. 2024 жылдың қаңтарынан бастап мекеменің екінші өмірі басталды: күрделі жөндеуден кейін сәбилерге есігін айқара ашты.
Ескі ғимараттан тек қабырғалары ғана қалды, қалғанының бәрі ауыстырылды. Құрылысшылар барлық бөлмелер мен жылыту жүйелерін жөндеді, сантехника мен электр сымдарын ауыстырды, желдету жүйесін қайта жабдықтады, қасбеттерін, кіру топтарын жаңартты. Аумақта жаңа ойын алаңдары пайда болды және асфальт төселді, - деді №82 балабақшаның басшысы Татьяна Шульга.
Көру қабілетінде бұзылыстары бар балалар үшін ортоптикалық кабинет, бассейн жұмыс істейді.
Аталмыш мекемеге барған өңір басшысы қосымша жабдықтар сатып алу үшін ұжымға 18 млн теңгеге сертификат табыс етті.
Бүгінгі біздің жасап жатқан ісіміз - бұл біздің болашағымызға, балаларымызға қосқан үлесіміз. Біз олардың тәрбие алатын жағдайларына ерекше мән беруіміз қажет, - деді облыс әкімі.