Балалардың шотына түскен ақшаны қалай және қайдан тексеруге болады?
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жиналған қаражатты тексеру қазір бірнеше онлайн платформа арқылы оңай жүзеге асады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БЖЗҚ хабарлағандай, бағдарламаға қатысушылардың жасы мен мәртебесіне қарай тексеру тәртібі де әртүрлі.
18 жасқа толмаған балалардың жинақтарын қалай тексеруге болады?
18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысып жатқанын ата-анасы немесе заңды өкілдері баланың ЖСН-і арқылы мына платформалардан тексере алады:
- kids.enpf.kz сайты;
- eGov mobile мобильді қосымшасы;
- кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары.
Кәмелетке толған қатысушылар қайдан қарай алады?
18 жасқа толған қатысушылар өз жинақтарын өз бетінше:
- enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен;
- БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан;
- eGov mobile мобильді қосымшасынан тексере алады.
Жиналған қаражатты қалай пайдалануға болады?
Жинақталған қаражатты пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда, жастар алдымен АҚШ долларымен банктік шот ашуы қажет. Одан кейін төлем жасау үшін онлайн өтініш беріледі.
Өтінішті интернет-ресурс немесе уәкілетті банктердің мобильді қосымшалары арқылы жолдауға болады:
- «Отбасы банкі» АҚ — тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім ақысын төлеу үшін;
- «Қазақстан Халық банкі» АҚ — білім беру ақысын төлеу үшін;
- «Банк ЦентрКредит» АҚ — білім беру ақысын төлеу үшін.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы — болашақ ұрпақтың білім алуына, баспанаға қол жеткізуіне және өмірлік мақсаттарына жетуіне қаржылық негіз қалыптастыратын ұзақмерзімді мемлекеттік бастама.
Бұған дейін Ұлттық қор ақшасын қазақстандықтар қалай пайдаланып жатқаны белгілі болған еді.