Балалардың құқықтары қалай қорғалуда? – Астанада ауқымды жиын өтті

Бүгін Елордада «Балалардың құқықтарын қорғау: заңнан нақты іс-әрекетке» атты мемлекеттік органдармен бірге балалардың құқықтарының қорғалуы туралы талқыға түскен дөңгелек үстел болып өтті. Шараны Астана қаласы Білім басқармасы ММ және Астана қаласы әкімдігінің «Психологиялық қолдау орталығы» КММ ұйымдастырды. Не талқыланды, қандай келісімдерге қол жеткізілді, осындай сауал төңірегінде жауап іздейміз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесудің негізгі мақсаты - балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық негіздерді нақты іс-әрекеттерге айналдыруға, осы бағытқа қызмет етіп отырған мемлекеттік органдардың жұмысы туралы танысып, алдағы уақытта қай бағытта жұмыс жасау туралы міндетті айқындау болып табылады.

Шараны ұйымдастырушы Балаларды қолдау орталығының директоры Индира Нұрмұхамбетова диалог алаңының мақсаты туралы былай дейді.

Біз жедел әрекет ету тобын құру бойынша пилоттық жобаны іске қостық. Бұл топқа қиын жағдайға тап болған балалар өз құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында тек полиция қызметкерлеріне ғана емес, орталық мамандарына да жүгіне алады. Ең бастысы - бала қиындыққа тап болса, міндетті түрде көмек ала алатынын білуі керек. Полиция қызметкерлерін тарту - бұл тек алғашқы қадам. Алдағы уақытта барлық өңірлерде, барлық аудандарда полиция қызметкерлерін оқытуды жоспарлап отырмыз, – дейді маман.

Сондай-ақ күні бүгінге дейін балалардың құқығын шектейтін түрлі оқиғалардың болғанын жеткізеді.

Осыған дейін ата-аналары немесе заңды өкілдері тарапынан қатал қарым-қатынас жасалған жағдайлар да тіркелген. Кейде бала өз мәселесін ата-анасына айта алмайды, достарымен қиындыққа тап болады, сыныптастарымен мәселе туындайды немесе буллингтің құрбанына айналады, әсіресе жасөспірімдер арасында. Мұндайда ол кімнен көмек сұрауды білмейді. Кейде бала көмек сұрап жүгініп, полицияға келген кезде тергеу басталып кетеді де, бала тұйықталып, шын жағдайды айтпай қояды. Ал проблема шешілмей қалады. Полиция қызметкерлері - психолог емес, сондықтан баланың ішкі күйін ашу әрдайым оңай емес. Осы себепті әрбір шақырту кезінде психологтар тәулік бойы балаға көмектесетін болады, - дейді Нұрмұхамбетова.

Қазіргі таңда орталықта 119 мемлекеттік мектеп және меморандум аясында 15 жеке мектеп қамтылып отыр. Олар бүгінге дейін қиын жағдайға тап болған 4765 балаға кеңес берген..

Жедел әрекет ету тобы жобасы тек өткен бейсенбіде ғана ресми түрде бекітілді, бірақ қазірдің өзінде балалар көмек сұрап жүгінген бірнеше жағдай тіркелді. Прокуратура, полиция және ППЦ психологтары жедел түрде әрекет етіп, балаларды дер кезінде қорғап қалды,- дейді ол.

 

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы Қарлығаш Сәркенова қалада қылмыс бар екенін жоққа шығармайды.

Қауіпсіздік мәселелері біүгінгі күн тәртібіміздің басында тұр. Сондықтан психологиялық орталықтағы бұл кездесу өте өзекті. Астанада бүгінгі күні қылмыс деңгейі өсіп келеді. Қалада күн сайын түрлі төтенше жағдайлар орын алуда. Мұны бәріміз білеміз, фактілер бар. Сол себепті профилактикаға көбірек басымдық беріп, барлығымыз бірігіп жұмыс істегеніміз жөн, - деді

Одан бөлек, Байқоңыр ауданының прокуратурасының қызметкерлері мен ювеналдық полиция бөлімінің инспекторлары қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы