Балалардың қауіпсіздігі, инклюзия, мұғалім мәртебесі: Депутат қандай өзгерістер болатынын айтты
Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, биылғы Жолдаудың тарихи маңызы бар. Депутат балалардың қауіпсіздігі, инклюзивті білім беру және мұғалімдердің мәртебесін қорғау мәселелеріне ерекше тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі Жолдау шынымен де тарихи болды. Себебі бұл – Құрылтайдың алғашқы сессиясындағы алғашқы Жолдау. Мазмұны жағынан да тарихи маңызға ие. Президентіміз еліміздің алдағы даму бағытын, алдымызда тұрған негізгі мақсат-міндеттерді айқындап берді, – деді Екатерина Смолякова.
Депутат Мемлекет басшысының келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысына да тоқталды. Әлеуметтік және мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде ол балаларға арналған инфрақұрылым, инклюзия және жасөспірімдердің қауіпсіздігі мәселелеріне назар аударды.
Бұл мәселелер біздің Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасында да кеңінен қамтылған. Қазіргі таңда елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 240 мыңға жуық бала бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді, – деді депутат.
Оның айтуынша, балалардың, соның ішінде есту қабілеті бұзылған балалардың мәселелері бұған дейін де көтеріліп келген. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет.
Смолякова Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы аясында балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға, жаңа мектептер мен перинаталдық орталықтар салуға, ауруларды ерте анықтау мен диагностикалауға арналған медициналық мекемелер ашуға басымдық берілетінін атап өтті.
Бұл – еліміздің әлеуметтік саласын дамыту үшін үлкен жетістік болмақ, – деді ол.
Депутат Жолдауда мұғалімдердің мәртебесі мен құқығын қорғау мәселесі де қозғалғанын атап өтті. Оның пікірінше, ұстаздарды қағазбастылықтан арылтып, кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстардан босату – балалардың сапалы білім алуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.
Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту, оларды өз мамандығы мен кәсібіне қатысы жоқ жұмыстардан босату мәселесі де көтерілді. Бұл – балаларымыздың сапалы білім алуына әсер ететін факторлардың бірі, – деді Екатерина Смолякова.
Сонымен қатар депутат білім, ғылым, инновация және жасанды интеллект алдағы уақытта еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі бағыттар болатынын айтты.
Екатерина Смолякованың айтуынша, Құрылтайда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы әзірленіп, қазір осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Депутат заң жобасын жыл соңына дейін қабылдау көзделіп отырғанын айтты.
Бұдан бөлек, онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл бағытта балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне, зиянды контенттен қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.
Депутат балаларды оңалту, медициналық қызметтерге қолжетімділік және медициналық туризм мәселелерінің де кешенді қарастырылып жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, аталған бағыттар бойынша заңнамалық өзгерістердің бір бөлігі жыл соңына дейін, қалғаны келесі жылдың басында қабылдануы мүмкін.