Балалардың қауіпсіздікте болуы үшін бар жағдайды жасауымыз қажет – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейлерде қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырдым, деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook-тегі парақшасында.

Қазан қаласының мектебінде болған террорлық акт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Қайғылы жағдай ешкімді бей-жай қалдырған жоқ, әрқайсымыздың жүрегімізге ауыр тиіп, зор күйзеліспен қабылдадық, - деп жазды министр.

Министр балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейде қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырғанын айтты.

Біз осы қайғылы оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Кеше осы мәселелер бойынша кеңес өткіздім. Ағымдағы жағдайға талдау жүргізуді және жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейде қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырдым, - деді ол.

Асхат Аймағамбетов көп нәрсе нақты әрекеттерге байланысты екенін айтты. 

Бұл тек бақылау камералары, өткізу режимі, күзет дабылы, дабыл түймелері ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайлардағы қызметкерлер мен оқушылардың мінез-құлқы мәселері ғана емес. Көп нәрсе нақты және дамыған әрекеттерге байланысты. Психологиялық қызметтердің жұмысына және қолайлы жағдайлар жасауға назар аудару керек. Бұл үлкен және бірлескен жұмыс. Балалар – біз үшін  ең қымбат және олардың қауіпсіз болуына бар жағдайды жасауымыз қажет, - деп жазды Аймағамбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы