Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі құрылымның штаттық саны бекітілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің тапсырмасы орындалды. Ішкі істер министрлігі әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі құрылымдарды күшейтті, деп жазды Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында.
Биылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдарының әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі құрылымдарының штатын қайта қалпына келтіруді және олардың қызметін күшейтуді тапсырған еді. Бұл құрылым ІІМ құрамында 1999 жылы құрылған. Бірақ кейін оның штаты екі есеге жуық қысқарды. Әсіресе, мұндай қысқарту осы саладағы құқықбұзушылықтар ең көп жасалған өңірлерде болды, - деп жазды ол.
Қариннің сөзінше, бұған дейін бұл мәселені Ұлттық кеңестің мүшесі, белгілі сарапшы Гүлмира Илеуова көтерген болатын.
Нәтижесінде 2021 жылғы 19 наурызда Ішкі істер министрінің бұйрығымен әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі құрылымның штаттық саны бекітілді. Бұл қадам ішкі штат санын қайта бөлу есебінен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі құрылымның штаттық саны 129 бірлікке артты. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі және балаларды қорғау жөніндегі құрылымның саны екі есеге жуық – 448 қызметкерге көбейтілді, - деп атап өтті Президент көмекшісі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
СҚО-да жолшыларды даярлау қолға алынбақ
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы