Балаларды үйсіз қалдырмау үшін Конституция өзгеруі мүмкін
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй құқығын қорғауға бағытталған маңызды бастама көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, азаматтарды, әсіресе балаларды баспанадан негізсіз айыру мәселесі конституциялық деңгейде нақты кепілдікпен бекітілуі тиіс.
Спикер бұл бастаманың Мемлекет басшысының ұстанымымен үндес екенін атап өтті.
Тұрғын үйге құқық - бұл тек әлеуметтік мәселе емес. Әсіресе балалар үшін ол қауіпсіз өмір сүрудің негізгі шарты. Мемлекет азаматтарды негізсіз баспанасынан айырудан қорғауы тиіс, - деді Динара Зәкиева.
Ол өз сөзінде халықаралық нормаларға да тоқталып, БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясы әрбір баланың лайықты өмір сүру деңгейіне, қауіпсіз әрі тұрақты баспанаға құқығын бекітетінін еске салды.
Сонымен қатар, тұрғын үй қатынастары саласында құқықтардың бұзылу қаупі жоғары екені айтылды. Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, әлеуметтік тәуекелдер көбіне үйден шығару мәселесі туындағанда айқын байқалады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл өз тәжірибесінен нақты мысал келтірді. Айтуынша, түрлі тұрмыстық қайғылы жағдайлар салдарынан кейбір балалар жалғыз баспанасынан айырылу қаупіне жиі тап болады.
Анасынан айырылған балалардың жағдайы бар. Анасы тірі кезінде ипотеканың едәуір бөлігін төлегенімен, оның қайтыс болуынан кейін балалар үйсіз қалу қаупіне ұшырады. Біздің араласуымызбен банк қалған қарызды кешірді. Алайда мұндай жағдайлар сирек емес, - деді ол.
Осыған байланысты Динара Зәкиева тұрғын үйден айыру кезінде соттың міндетті шешімінсіз әрекет етуге жол бермейтін нақты конституциялық норманы бекітуді ұсынды.
Мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндетімен қатар, Конституцияда тұрғын үйден сот шешімінсіз шығаруға жол берілмейтіні туралы норма болуы қажет,- деді спикер.
Сөз соңында ол бұл ұсыныс әлеуметтік мемлекеттің мәнін айқындайтынын атап өтті.
Мұндай норманың Конституцияда көрініс табуы -мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін, сондай-ақ адамның қадір-қасиетіне деген құрметті көрсетеді», - деп түйіндеді Динара Зәкиева