Балаларды пойызда қауіпсіз алып жүрудің ережелері қандай

Қысқы демалыс балталғанда балалар лагерьлер мен түрлі іс-шараларға қатысу үшін жолға дайындалады. Саяхат пен бірлескен шытырман оқиға тәжірибесі олар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу ғана емес, сонымен қатар олардың жеке дамуындағы маңызды кезең болып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ДСМ СЭБК Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Қаспанова балаларды көлікпен қауіпсіз тасымалдау жайлы айтып берді.

Мерекелердің осы қызықты кезеңі қарсаңында Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұйымдастырылған балалар ұжымдарының қауіпсіз және жайлы саяхаты үшін, атап айтқанда, теміржол көлігімен жүру кезінде оңтайлы жағдай жасаудың маңыздылығына назар аударады.

Теміржол көлігімен жүру кезінде кішкентай жолаушылардың қауіпсіздігін, жайлылығын және күтімін қамтамасыз ету үшін сапардың барлық аспектілерін реттейтін талаптар әзірленді. Жол бойында балаларды ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық қолдау және тамақтану нормаларын толығырақ қарастырайық. Олар саяхат кезінде балалар үшін қауіпсіз және қамқор орта құруға бағытталған, - деді Айгүл Қаспанова.

Оның сөзінше, сапарды ұйымдастырушылар балалардың өлшеп-құйылған ауыз сумен қамтамасыз етілуін көздейді. Жолда ұйымдастырылған балалар ұжымдары медицина қызметкерімен бірге жүруі керек. Уақытылы медициналық көмек көрсету үшін медицина қызметкері медициналық қобдишамен қамтамасыз етіледі. 

Вагонға ұйымдастырылған балалар ұжымдары мен басқа да жолаушыларды бірге орналастырған кезде балаларға жеке дәретхана бөлінеді. Жол бойындағы балалардың тамақтану мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.

Жол жиынтығына (құрғақ азық-түлік) өнеркәсіпте өндірілген мынадай тамақ өнімдерін енгізуге рұқсат етіледі:

  1. бұқтырылған ет (жарма, макарон бұйымдары мен еті бар көкөніс) консервілерін, еті бар консервіленген түскі тағамды;
  2. көкөніс консервілерін, өз сөлінде дайындалған балық консервілерін;
  3. тез дайындалатын тамақ өнімдерін (лапша, картоп езбесі);
  4. печеньені, галеттерді, крекерлерді, тоқаштарды, жұмсақ кәмпиттерді, нанды және нан-тоқаш өнімдерін;
  5. жеке қаптамадағы өлшеп-құйылған жеміс және жидек шырындарын, өлшеп-құйылған ауыз суды.

Инфекциялық аурулардың белгілері бар балаларды (қызуы көтерілген, іш өту, құсу, іштің түйнеп ауыруы) жолаушылар вагонына отырғызуға жол берілмейді. Жол жүру бойында инфекциялық аурудың жіті түрінің белгілері бар бала анықталған кезде бала жеке купеге оқшауланады. Қазіргі уақытта елдегі қызылшаның күрделі эпидемиологиялық жағдайына байланысты балада қызылшаның немесе басқа да жұқпалы аурулардың белгілері бар екеніне ерекше назар аудару керек, олар әдетте басында бір-біріне ұқсас (дене қызуының 38-40°С-қа дейін көтерілуі, мұрыннан су ағу, жүрек айнуы, құрғақ жөтел, бас ауыруы, қалтырау және т.б.), - деп айтты Айгүл Қаспанова.

Медицина қызметкері ауырған бала туралы пойыздың бастығына хабарлайды және одан әрі жол жүру мүмкіндігін немесе науқасты жол жүру бойындағы жақын теміржол станциясындағы ауруханаға жатқызу қажеттігін айқындайды. 

Ұйымдастырылған балалар ұжымдарын жөнелту, олардың келу және жол бойындағы теміржол станцияларында анықталған науқастар туралы ақпаратты пойыздың бастығы жол жүру маршруты бойынша жақын вокзалдың медициналық пунктіне және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне береді.

Қорытындылай келе, балалар ұжымдарының теміржол арқылы саяхаттауы кезінде қауіпсіздік пен қамқорлық талаптарының сақталуын қамтамасыз ету осындай іс-шараларды ұйымдастыруға қатысқандардың барлығының жауапкершілігінің ажырамас бөлігі екенін атап өткен жөн. Сенімді медициналық қолдау, дұрыс тамақтану және санитариялық қағидаларды қатаң сақтау балалардың сәтті және қауіпсіз саяхаттарының кепілі болып саналады. Жоғарыда келтірілген нормалар балаларды сапар кезінде қажет нәрсенің бәрімен қамтамасыз ететін бастапқы негіз болып есептеледі, - дейді сарапшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы