Балаларды интернеттегі жағымсыз контенттен қалай қорғаймыз

Елімізде балалардың 15,3%-ы күн сайын интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ЮНИСЕФ-пен бірлесе жүргізілген "Kazakhstan Kids Online" ауқымды зерттеуі негізінде Қазақстанда балалардың интернетті пайдалануымен байланысты елеулі сын-қатерлер анықталды. Зерттеудің негізгі қорытындысы цифрлық әлемде балалар үшін қауіптерді азайту және қолдау стратегияларын әзірлеуге бағытталған. 

Интернет бала өмірінің маңызды бір бөлігіне айналуда. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалардың 5%-ы желіге алғаш рет төрт жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалардың 60%-ы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66%-ы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие.

Ең алаңдатарлық тұжырымдардың бірі − балалардың 15,3%-ы күнделікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді. Ол балалардың 11,7%-ы қатты күйзеліске ұшыраған. Бұл мәселе жас ұрпақ арасында киберқауіпсіздікті күшейтудің тез арада қолға алынуы керек екенін көрсетеді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, кибербуллингке куә болған балалардың басым бөлігі (52,1%) ол туралы ешкімге айтпауды жөн көреді. Ал ата-аналардың 17,6%-ы ғана тыйым салынған контентті бұғаттау және зиянды материалдарды сүзгіден өткізу құралдарын пайдаланады.

Осы тұста Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға «Ата-ана бақылауы» қосымшасын ұсынады. Бұл онлайн кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді құрал. Қолданбаны Play MARKET және APP STORE платформаларынан жүктеуге болады.

Ата-ана бақылауы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы стратегиясының бір бөлігі ғана. Балалармен ашық диалог жүргізу және олардың онлайн өмірін үнемі талқылау маңызды. Біз ата-аналар, педагогтер, АКТ − мамандары мен БАҚ өкілдерінің интернеттегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз, - деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Комитет ата-аналардың ата-аналар бақылауы қосымшаларын пайдаланудың маңыздылығы туралы хабардар болуын арттыруға және оларды онлайн-кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді әдістеріне үйретуге бағытталған кең ауқымды науқан өткізуді мақсат етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Өзгелердің жаңалығы