Балаларды дәретханаға қамаған: БҚО-да тәрбиешілердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

БҚО-да тәрбиешілердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Бәйтерек ауданы Новенький ауылында орналасқан "Бүлдіршін" бөбекжайында тәрбиешілердің бөбектерге күш қолданып, дөрекілік таныту фактісі күні кеше белгілі болған. Ата-аналар өз балаларының денесіндегі көгерген-қызарған іздерді наурыз айының ортасында байқаған екен.

Менің қызым 2 жас 11 айда. Осы балабақшаға барады. Наурыздың 17-інде әжетханаға барғысы келмейтінін байқадым. Себебін сұрағанда апайлары туалетке қамап тастады дегенді бірінші рет айтты. Мен сенбедім, кішкентай бала ойдан құрастырып тұрған шығар деп ойладым. Сосын сәуірге таман осындай әңгімені жиі қайталайтынды шығарды. Содан кейін ортақ чатқа жаздым, өзгелердің пікірін білмекке, - дейді Новенький ауылының тұрғыны Динара Ғұсманова.

Динараның жазбасынан кейін өзге ата-аналар да балаларының денесіндегі түрлі көгерген дақтарға зер салып, тәрбиешілердің өз міндетіне адалдығына күмәндары күшейеді. Бәрі жиылып келіп, бөбекжайдағы бейнебақылау камерасының жазбасын қарайды.

Мама, мені қолымнан ұрады деді қызым. Кім ұрады дегенде апай дейді. 3 тәрбиешінің суретін көрсеткенде, өзіне дөрекілік танытқан қамқоршысын таныды. Бейнежазбада да көрініп тұр. Мен қолынан жай ғана ұстадым дейді. Білегінен тартып, салбыратып тұрғаны көрініп тұр ғой, ол жай ұстаған бола ма сонда? Менің ойымша, балабақша басшылығы осы заңсыздықтарды білмеуі мүмкін емес. Өтірік көрмегенсіп, көз жұмып отыр, - дейді Анна Еременко атты ауыл тұрғыны.

Балабақша басшылығы облыс орталығынан арнайы шақыртумен келген журналистер мен ата-аналарды алғашында ғимаратқа жібергісі келмеген. Сыртта ойын алаңында ойнап жүрген бүлдіршіндерді асығыс ішке кіргізіп, есікті құлыптап та қойды. Ата-аналардың айқайынан кейін ғана аудандық білім беру бөлімінің өкілі келді. Осы жерде ата-аналар тәрбиешілердің қатыгездігі мен жауапсыздығын айтып, фото дәлелдер келтірді.

Қазір мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында аудандық комиссия құрылды. Егер ата-аналардың арыз-талабында айтылған мәселелер рас болса, тиісті тұлғалар жауапкершілікке тартылады, - деген болатын Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Әлібек Аманбаев.

Ал бүгін комиссия тексерісінің қорытындысы бойынша "Бүлдіршін" бөбекжайының меңгерушісі Берниязоваға қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданылғаны, балабақша тәрбиешісі Мыржықова мен оның көмекшісі Керееваға да қатаң сөгіс жарияланып, қызметтерінен босатылғаны белгілі болды. Сонымен қатар қылмыстық іс те қозғалған.

Тәрбиешілердің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 140-бабы бойынша іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның мән-жайы анықталуда, - дейді БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Нұржан Қуанғали.

 

Яғни, Қылмыстық Кодекстің 140- бабы бойынша қылмыстық іс кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтiң немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу жұмыскерiнiң кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытып тиісінше орындамау фактісі бойынша қозғалады. Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған тұлғаны белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыру, немесе 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы көзделген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы