Балалар жылы: Ақмола облысының елді мекендерінде спорттық кешендер салынады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Көкшетауда «Балалар жылының» ашылуына орай өткізілген салтанатты жиында мәлім болды. 

Аймақ басшысы жас ұрпақ игілігі үшін атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлармен бөлісті. 

Оның хабарлауынша, бүгінде облыста 200 мыңға жуық бала тұрып жатыр, бұл өңір халқының үштен бірі. Аймақта балалар жылы аясында іске қосылатын жобалар 2025 жылға дейін іске асырылады деп күтілуде. Жоба шеңберінде 25 жаңа балабақша, 25 мың орындық 43 мектеп ашу, 376 оқу орнын жаңа жабдықтармен жарақтандыру көзделуде. 

«Соңғы бес жыл ішінде 14 жаңа мектеп салынды. Әр аудан мен қалада шығармашылық үйлер жұмыс істейді. Көкшетау мен Щучинск қалаларында балалардың музыкалық, спорт мектептері, IT-лицей, 217 робототехника кабинеті ашылды. Жаңа оқу жылында сіздердің көпшілігіңіз мектептерге жаңа көлікпен баратын боласыздар. Жаздың соңына дейін 65 автобус сатып алуды жоспарлап отырмыз», – деп уәде берді Ермек Маржықпаев. 

Бұдан бөлек үш жыл ішінде Көкшетаудағы «Сарыарқа» шағын ауданында мұз айдыны бар спорт кешені мен Щучинскіде спорт сарайының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

«Әрбір аудан орталығында бар дене шынықтыру-сауықтыру кешендері енді шағын ауылдарда да салынатын болады. Сондай-ақ, барлық жерде балалар алаңдарымен жабдықтау жұмыстары жалғасады. Мысалы, Бурабай ауданының Мәдениет, Жақсы ауданының Белағаш, Атбасар ауданының Шуйское ауылдарында шағын және орта бизнес өкілдерінің көмегімен спорт кешендері белсенді түрде салына бастады. Осындай нысандар биыл Қосшы қаласы, Қорғалжын ауылы, Целиноград ауданының Родина ауылында да іске қосылады», – деп нақтылады әкім.

Өткен жылы облыста 40 аула ретке келтірілді. 2022 жылы тағы 35-ін жөндеу жоспарлануда. Соңғы жылдары өңірде қосымша білім беру мекемелері, мектептер мен балабақшалар белсенді түрде қолданысқа берілуде. Бұл – облыс орталығында бой көтерген Bolashaq Saraiy және 15 мың тәрбиеленушісі бар 37 спорт нысаны, 14 жаңа мектеп пен қосымша құрылыстар.

Озық инновациялар орталығы – «Bolashaq Saraiy»-ында 4 мыңға жуық бала қосымша білім алуда. Мұнда зертханалар, спорт залдар, бассейндер жұмыс істейді. Микробиология, генетика, молекулалық биология, өсімдіктер биохимиясы саласында зерттеулер жүргізуге болады. 

«Экономика» секциясындағы республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы, «Таңдау" көпсалалы гимназиясының оқушысы Злата Штырбу өз жетістіктерімен бөлісті.

«Жел энергетикасы жобасына 10-сыныптан дайындала бастадым. Республика деңгейінде жеңіске жету оңай болмады, өйткені 50-ге жуық үміткер болды. Жел энергетикасы қазір зерттеудің жетекші бағыттарының бірі болып табылады. Өз болашағымды экономикамен байланыстырғым келеді», – дейді оқушы.

Балалар жылы аясында өңірде «Jas Skills Aqmola 2022" облыстық чемпионаты басталды.

«Қазақстанда чемпионат алғаш рет оқушылардың қатысуымен өткізіледі. Әр екі жыл сайын әртүрлі елдерде өтеді. Биыл Әлем чемпионаты Шанхайда өтеді. Біздің оқушылар әр құзыреттілікпен танысып, өз дағдыларын шыңдап, болашақ мамандықтарын анықтай алады», - дейді «Bolashaq Saraiy» IT бөлімінің меңгерушісі Әсет Әбдіғапаров.

Кездесуге оқу мен спорттағы жетістіктерімен ерекшеленген дарынды балалар шақырылды.

«Біздің ауданда спортпен шұғылдану үшін жақсы жағдайлар жасалған. Жарыстарға жиі қатысамын. Сегіз жыл бойы күн сайын ағам екеуміз әкемізбен бірге 11 шақырым жүріп Жақсыға барамыз. Мұнымен тоқтап қалмаймын, Азия чемпионатына дайындаламын», – деді грек-рим күресінен Қазақстанның 13 жасар чемпионы, Жақсы ауданы Белағаш орта мектебінің оқушысы Ислам Ғасымов. 

Әкім тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті – Көкшетау жеңіл атлетика манежі мемлекеттік меншікке оралды. Мұнда 200-ге жуық бала оқиды. Өңір басшысы жастар арасында спортты дамыту қажеттігіне назар аударды. Тегін секцияларда 100 мыңға жуық ақмолалық жеткіншектер спортпен айналысуда.

«Біздің міндетіміз – балалардың жақсы білім алуына, сапалы емделуіне, спортпен, шығармашылықпен айналысуына және жеке тұлға болып қалыптасуына қажетті барлық жағдай жасау. Бүгінгі таңда спортпен шұғылдану дағдыға айналып келеді. Өзім күн сайын жаттығамын, бұл денсаулығым үшін керек екенін түсінемін. Сондықтан баршаңызды спортпен белсенді айналысуға шақырамын, – деді Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысы ақмолалық жас балғындардың барлық жетістіктері барынша қолдау тауып, көтермеленетініне уәде берді. Айталық, олимпиадалардың барлық жеңімпаздары Зерендідегі «Сұңқар» сауықтыру кешеніне демалуға жіберіледі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы