21 Шілде 2026, 13:18 Фото: ©BAQ.KZ/Айым Серікбайқызы

Балалар жақсы көретін «сквиши» ойыншығы қауіпті: Мамандар ескертті

Сапасыз ойыншықтар аллергиялық реакция мен химиялық күйікке әкелуі мүмкін.

Кейінгі уақытта балалар мен жасөспірімдер арасында «сквиши» деп аталатын стресске қарсы ойыншықтар кеңінен танымал бола бастады. Алайда олардың барлығы бірдей қауіпсіз емес. Бұл туралы Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, «сквиши» – сығылғаннан кейін бастапқы қалпына келетін жұмсақ ойыншық. Олар көбіне полиуретан, силикон, полиэстер немесе резеңке негізіндегі материалдардан жасалып, жануар, тағам немесе түрлі зат пішінінде шығарылады. Алайда сапасыз өнімдер балалардың денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.

Әлемнің бірқатар елінде жүргізілген зерттеулер кейбір "сквиши" ойыншықтарының құрамында адам ағзасына зиянды химиялық заттар бар екенін көрсетті. Мысалы, Данияда жүргізілген сынақтардан кейін құрамында диметилформамид анықталған ойыншықтарға тыйым салынды. Норвегияда мұндай өнімдер сатылымнан алынса, Канадада кейбір полимерлі сквишилер ауаға қауіпті химиялық заттар бөлетіні анықталды, – деді Мұқамғали Арыспаев.

Оның сөзінше, Қазақстанда да техникалық талаптарға сәйкес келмейтін ойыншықтар жыл сайын анықталады. Зертханалық тексерулер кезінде кейбір сквиши ойыншықтарынан формальдегид пен метил спиртінің мөлшері нормадан жоғары екені белгілі болған. Сонымен қатар өнімдерді таңбалау талаптарының сақталмайтыны да кездеседі.

Маманның айтуынша, гельмен толтырылған ойыншықтар ерекше қауіп төндіреді. Егер ойыншықтың қабығы жарылса, ішіндегі сұйықтық теріге немесе көзге тиіп, аллергиялық реакция, тітіркену, тіпті химиялық күйікке әкелуі мүмкін.

Қазір Алматы қаласында жеті жасар қыздың осындай ойыншықтың ішіндегі гель терісіне төгіліп, соның салдарынан үшінші дәрежелі химиялық күйік алған оқиғасы тергеліп жатыр. Сондықтан ата-аналар балаларға мұндай ойыншықтарды қараусыз пайдалануға жол бермеуі керек, – деді департамент басшысының орынбасары.

Мұқамғали Арыспаев ата-аналарға ойыншықтарды тек мамандандырылған дүкендерден сатып алуға, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі таңбалауы бар өнімдерді таңдауға кеңес берді. Сондай-ақ өткір химиялық иісі бар, беті жабысқақ немесе бүлінген ойыншықтарды сатып алмауға шақырды.

Бұдан бөлек, балаларға ойыншықты ауызға салуға, кесуге немесе ашуға рұқсат бермеу қажет. Егер ойыншық жарылып, ішіндегі зат теріге немесе көзге тиіп кетсе, зақымданған жерді дереу мол сумен шайып, қажет болған жағдайда дәрігерге қаралған жөн.

Стресске қарсы ойыншықтардың өзі қауіпті емес. Негізгі қауіп – белгісіз жерден әкелінген, сертификатталмаған және қауіпсіздігі расталмаған өнімдерде. Сондықтан ата-аналар ойыншық таңдауда мұқият болып, сатып алған тауардың түбіртегі мен құжаттарын сақтағаны дұрыс, – деп түйіндеді Мұқамғали Арыспаев.