"Балалар үйінің орнына таунхаус па?" – депутат резонансты істі әшкереледі

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы балалар үйінен балаларды Қонаевқа көшіру әрекетіне қатысты пікір білдіріп, Алматы облысы әкімдігін айыптады. Ол әкімдік бұл әрекетті заңсыз жүргізіп, жер телімі үшін жетім балаларды көшірмек болды деп мәлімдеді және іске қатысты шенеуніктің отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көшіруді тоқтату – өте дұрыс әрі әділетті шешім. Президентке араласқаны үшін алғыс білдіремін. Бірақ енді осының қалайша жол берілгенін анықтау керек, – деді Базарбек өзінің видеоүндеуінде.

Ол бір жыл бұрын-ақ бұл аумақтағы балалар үйінің орнына құрылыс салынуы мүмкін екенін ескерткенін еске салды.

Бұл – Алматының Бостандық ауданындағы өте тартымды жер телімі. Құрылысшылар үшін ғимаратты сүрып, орнына элиталық таунхаустар тұрғызу – түк те емес. Бұл жерде ескі элитаның өкілдерінің де мүддесі бар, – деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, бұған дейін әкімдік балалар үйін көшіру болмайды, ғимарат жөнделеді деп уәде берген, бірақ ол сөзінде тұрмаған.

Әкім халық сенімінен айырылды. Бұл – бүкіл жүйенің күйреуі. Білім министрі қайда болды? Неге араласпады? Құрылыс компанияларының қорытындысы неге ашық емес? Техникалық сараптамаға неге КазГИСА тартылмады, неліктен белгісіз ЖШС қорытынды шығарды? – деді депутат.

Депутат көшіру заңсыз ұйымдастырылғанын айтып, Қонаевтағы жаңа балалар үйі әлі күнге дейін мемлекеттік балансқа алынбағанын атап өтті. Көшіру күні балалардың бірі есінен танып, бірі жарақат алған.

Базарбек барлық жауапты тұлғаларды, соның ішінде полиция қызметкерлерін де жауапкершілікке тартуды, қажет болса қылмыстық жаза қолдануды талап етті. Ол сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы отставкаға кетуі керек деді.

Сіздер дәмелі жер телімі қолымызға түседі, ал балалар – үнсіз ғана көшіріледі деп ойладыңыздар. Жоқ! Енді бәрі енді ғана басталды. Мен бұл істі жай қалдырмаймын, – деп түйіндеді депутат.

Еске салайық, қоғам белсендісі Аружан Саин Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін олардың еркінен тыс Қонаевқа көшіріп жатқан видеоны жариялады. Балалардың бірі есінен танып қалған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіруге тыйым салды.

Сондай-ақ Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыдағы балалардың көшірілуіне қатысты түсініктеме берді.

Мемлекет басшысы "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге тыйым салғаннан кейін тәрбиеленуші балалар қуанышымен бөлісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан скриншот
Өзгелердің жаңалығы