Ақтөбеде ақырғы балалар үйі жабылды
Ақтөбе облысы, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысында жетім балаларға қатысты мәселелер тиімді шешілуде. Аймақта ағымдағы жылдың қаңтар айында осыдан 10 жыл бұрын 585 бала тұрған жалғыз балалар үйі жабылды.
Бұл балалар үйінің тәрбиеленушілері санының күрт төмендеуіне байланысты. Тек өткен жылы облыста 128 бала отбасына орналастырылды, оның ішінде 85 бала қамқорлықта және қорғаншылықта, 26 - бала патронаттық тәрбиеде, 17 – баланы асырап алды.
Ақтөбеде жетімдіктің алдын алу, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау мақсатында "Аяла" орталығы ашылды. Онда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының 19 тәрбиеленушісі мен Алға балалар үйінің 14 тәрбиеленушісі орналасқан.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа мекемеде болып, жетім және ата–анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру және тәрбиелену жағдайымен танысты, орталықтың басшылығымен, педагогикалық ұжымымен және тәрбиеленушілерімен кездесті.
«Балалар - Қазақстанның болашағы, сондықтан біз, үлкендер, сіздерді лайықты тәрбиелеп, дамыту үшін бәрін жасауымыз керек. Біздің облыста барлық шаралар қабылданып жатыр. 2018 жыл «Бақытты бала» жылы болып жарияланды. Сіздер ата-анасыз қалғандарыңыз үшін кінәлі емессіздер. Бірақ сіздер өздеріңіздің қатарластарыңыз секілді жақсы тәрбие мен білім алуға талпынуларыңыз керек. Егер сіздер жақсы оқып, спортпен, өнермен айналыссаңыздар, тәрбиелі болсаңыздар, өмірде міндетті түрде өз орындарыңызды тауып, Қазақстанның лайықты азаматы боласыздар. Біздің мақсатымыз – сіздерге барлық жағдайды жасау. Болашақта бірде-бір бала мемлекеттің қамқорлығынсыз және қолдауынсыз қалмауы тиіс. Елбасының әлеуметтік саясаты осыған бағытталған», - деді облыс басшысы орталықтың тәрбиеленушілерімен әңгіме барысында.
Облыс әкімі мекемеге спорттық жаттығу жабдықтарын сыйлап, балаларға сыйлықтар мен тәттілер табыс етті.
Орталықта балаларды тәрбиелеуге және оқытуға, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға және медициналық, психологиялық қолдау көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалған. Балаларға мамандық таңдауда, өз бетінше өмір сүруге дайындалуда педагогтар мен психологтардың көмегі көрсетіледі. Орталыққа 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады.
2017 жылы Ақтөбеде «Сәби» қайырымдылық қорының қаражатына салынған «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығы өз жұмысын бастады. Бүгінде Қазақстанда баламасы жоқ кешенде балалар үйінің 16 мен 29 жас аралығындағы 102 түлегі тұрады және сонда жұмыс істейді. 3 гектар жер теліміне алаңы 43 шаршы метр болатын, жаңа жиһаздармен және қажетті коммуникациялармен жабдықталған жайлы пәтерлері бар төрт екі қабатты таунхаус салынған.
Кешен аумағында оқу-өндіріс алаңдары, шаштараз, гүл дүкені, жылыжай, етік жөндеу және тігін цехтары бар. Ол жерлерде тәрбиеленушілер кәсіпке оқытылып, еңбекақыларын ала отыра жұмыс тәжірибесінен өтеді және еңбек ете алады. Инвестор жобаны жүзеге асыру үшін 1,4 млрд теңге бөлген.
Сондай-ақ, «Бақытты бала» өңірлік жобасы аясында былтыр жергілікті биліктің қолдауымен 136 жетім бала баспаналы болды. Кәсіпкерлер ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың тұрғын үй жинақ шотына 80 млн теңгедей аударды.
Бүгінде облыс бойынша жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған барлығы 1011 бала бар. Олардың 799-ы қамқорлықта және қорғаншылықта, 106 бала патронаттық тәрбиеде, 106 бала отбасы типіндегі немесе басқа да балаларға арналған мекемелерде.