Балалар үйі өмірге бейімдемейді – Құралай Жұмабекова
Тұрмыстық қиындыққа тап болған ана мен баланы паналатып отырған «Ана үйі» қоғамдық қоры осы уақыт ішінде 4500 баланың отбасында тәрбиеленуіне ықпал етті. Өңірде шешімін күткен әлеуметтік мәселелер туралы қоғамдық қор үйлестірушісі Құралай Жұмабекова айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Өңірде қанша әйелге көмек көрсетілді?
– 2014 жылдан бастап өңірде балалар үйлерін азайту жобасы жүргізілуде. Ақмола облысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1525 баланың 1343-і отбасына орналастырылды. Басты мақсат – әр баланың отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасау. Он жыл ішінде «Ана үйі» қоғамдық қоры өмірлік қиындыққа тап болған 250-ге жуық әйелге көмек көрсетті, олардың 146-ы уақытша «Ана үйінде» тұрды. Басқа да мәселелермен көмекке жүгінетіндер көп.
Мұнда қанша уақытқа дейін тұра алады?
– Бүгінгі күні Ана үйінде 7 ана балаларымен тұрып жатыр. Биыл қоғамдық қордың құрылғанына он жыл толып отыр. Негізі алты айға дейін тұра алады, бірақ біз әр жағдайды жеке қарастырамыз. Айталық, оқу оқуына немесе баспананың жоқтығына байланысты әсіресе балалар үйінің тәрбиеленушілері ұзаққа қалуы мүмкін. Баласына үйренісуі үшін біз оларға кем дегенде бір жыл уақыт беруге тырысамыз.
«Ана үйінде» жігері жасып, сағы сынған әр ананың өз трагедиясы бар. Ең жас ана 16 жаста. Маша есімді қызды осында өз анасы әкелді. Анасының ішімдікке салынғаны белгілі болды. Сол тұста Маша балалар үйіне, ал оның баласы бөбектер үйіне жіберілер еді. Бірақ біз оған жол бермедік. Болашақта біз жас ананың білім алуына көмектесеміз және алдағы өміріне бағыт-бағдар береміз. «Жастар» жасөспірімдер үйінен келген қызбен де психологтар жұмыс жүргізуде.
Жас аналар уақыттарын қалай өткізеді?
– Аналар үйінде аналар қол қусырып отырмайды. Жартылай фабрикат өнімдерін шығарамыз, құрылыс компанияларына түскі ас дайындаймыз, бала күтуші, тәрбиеші болып жұмыс істейді. Балаларына кезекпен қарайды. Бос уақытта дойбы ойнаймыз, балалармен бассейнге барамыз, әр сәрсенбіде Достық үйінің өкілдері арнайы шеберлік сабақтарын өткізеді. Мысалы, қыздарға тамақ дайындауды үйретеді.
Олардың әрі қарайғы тағдыры не болады? Кері байланыс бар ма?
– Иә, әрине. Бірақ нәтиже әрқалай. Кейбір аналар тәуелді өмір салтына үйренеді, бірақ көпшілігі аяққа тұрды, бұл қуантады. Олар жұмыс істейді, өзгелердің мәселелерін шешуге көмектеседі. Сұлулық салонын ашқан аналар бар. Тегін курстарға барады. Мүмкіндік көп, ең бастысы, өз күшіңмен білім алуға, жұмыс табуға тырысу керек. Осы уақыт ішінде 4500 баланың отбасында тәрбиеленуіне жол аштық. Біз алдымен тастанды баланың болмауы үшін күресеміз. Сол себепті отбасын сақтап қалуға тырысамыз. Бала мен ананың ажырамауы үшін күш саламыз. Жас аналарға баланы күтуді үйретеміз. Ал баланы алып қоюмен ештеңе шешілмейді. Ол тағы да қателікке ұрынады. Біз емханалар, әлеуметтік қызметкерлермне тығыз байланыстамыз. Көп жағдайда қыздардың ата-аналары жүкті екенін білмейтін жағдайлар көп. Жауапкершілік жоқ. Тіпті 35-40 жастағы әйелдердің де осындай қадамға баратыны таңқаладырады. Баласын тастап кеткен аналар сот арқылы жауапқа тартылуы тиіс. Өмірлік қиындыққа тап болған аналарға әрдайым көмек-қолдау көрсетіп келеміз. Негізі шешілмейтін мәселе жоқ. Проблеманы адамдар өздері жасайды.
Өңірде асырап алушы отбасы жобасы қалай жүзеге асырылуда?
– «Ана үйі» қоры асырап алушы отбасылар үшін дәріс өткізетін болады. Бүгінгі күні облыста 16 отбасы бала асырап алуға өтініш берді. Бір отбасы он балаға дейін асырап алуына болады. Бала асырап алу тәртібі заңды түрде жүзеге асырылады. Бірінші санат бойынша, тастанды баланы ешқандай орталыққа апарылмай, 72 сағатқа жайлы отбасында қалдырылады. Ол отбасындағы өзге балалармен бірге қалыпты өмірге бейімделеді. Әйтпесе тастанды баланы бірнеше күн изоляторда ұстау тәртібі бар ғой. Ал бұл бала психикасына ауыр тиеді. Екінші санат бойынша бала 6 айға дейін отбасында тәрбиеленеді. Осы уақыт ішінде оның ата-анасы, туыстары табылуы мүмкін, осылайша баланың мәртебесі анықталады. Ол ата-анасына, не асырап алушы отбасына оралады. Үшінші санат бойынша бала 18 жасқа дейін патронатты отбасында тәрбиеленеді. Әрине, бала асырап алуға қойылатын талаптар бар. Ата-аналардан анкета, тестілеу алынады.
Бала асырап алудың кедергісі көп деп жатады. Бұл қаншалықты рас?
– Бала асырап алуға ниет білдіргендер қатары артып келеді. Алайда бала 18-ге толған соң арадағы байланыс үзіліп, баланың ары қарайғы тағдырына алаңдамайтын ата-аналар да бар. Баланың білім алып, жұмысқа орналасуы маңызды. Меніңше, патронатты отбасылар балаға 23 жасқа дейін жауапты болуы тиіс. Берілетін 10 АЕК жәрдемақы да төленуі тиіс. Бала өскен сайын қажеттілігі де арта түсетіні белгілі ғой. Тіпті баланы дамытатын үйірмелер де тегін емес қой. Бала асырап алу мәдениетіне көңіл бөлген жөн. Қоғамда бала асырап алушылар жәрдемақы үшін осы қадамға барады деген қате түсінік бар. Біздің міндетіміз – жасөспірімдерді отбасына орналастыру. Бірден айтайын, балалар үйінде отбасындағыдай жылулық, ата-ана мейірімі жоқ. Балалар үйін ұстауға мемлекеттен қыруар қаржы бөлінеді. Бүгінгі күні патронатты тәрбиешілер 52 мың теңге алса, балалар үйінің тәрбиешілері 300 мың теңге алады. Одан бөлек 30% үстемақы қосылады. Әрине, асырап алушылар арасында жауапсыз ата-аналар бары да жасырын емес. Оларды отбасын қолдау орталықтары жанынан құрылған арнайы қызмет мамандары бақылайтын болады. Келеңсіздіктерді болдырмас үшін үздіксіз жұмыс жүргізілуі тиіс.
Өңірде балалар үйі азайғаны белгілі, ал жетімдер ше?
– Қазіргі уақытта Щучинск бөбектер үйінде тастанды бала жоқ. Соған қарамастан мекеме жұмыс істеп тұр. Біз ескі көзқарастан арылуымыз керек. Тастанды балалар асырап алушы отбасыларға берілуі тиіс. Ниет білдірушілер өте көп. Бала отбасында ғана дамиды. Өзім балалар үйінен жеті баланы қамқорлығыма алдым. Алды үйлі-баранды болды, олардың әрқайсысының өмірден өз орнын табуына жол көрсету – менің міндетім деп білемін. Мысалы, Ана үйінде қазір балалар үйінде тәрбиеленген, нәрестелі екі қыз тұрып жатыр. Қолдарында аспаз мамандығы бойынша дипломы бар. Бірақ ештеңе істеп көрмеген. Бұл дегеніңіз көзбояушылық қой. Оқу, тамақ, жатақхана тегін, стипендия төленді. Сонда мемлекет қаржысына қандай мамандар даярланған? Балалар үйінде жыныстық тәрбие жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Шалыс қадам басып жүкті болып қалған қыздар аз ба? Олардың көбі ересек өмірге дайын болма жатады. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы скрининг жүргізуі тиіс.
Сонда бұл мәселе қалай шешілуі тиіс деп ойлайсыз?
– Сұранысқа ие маман даярлау мәселесі дұрыс жолға қойылмай отыр. Қазір өңірде дәрігерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер жетіспейді. Аспаз, шаштараз мамандығына үш жыл оқудың қажет жоқ. Бұл мамандықтарды курстар арқылы игеру жеткілікті. «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы үш ай тегін білім алуға болатыны белгілі. Балалар үйлері өмірге бейімдемейді. Қаншама озық үлгідегі жабдықтар тұрғанымен, білім жоқ. Балаларда ұмтылыс жоқ. Тегінге дәмелендірмей, табыс табуға үйрету маңызды. Баланы қолдап, қанаттандырып отыру керек.
Бір қызым тігіншілік курсын аяқтап, мұғалімдік мамандыққа оқуда. Екіншісі заңгерлік мамандық алды. Екі ұлым спортшы. Тренер болуды армандайды. Басқа да отбасылармен байланыстамын. Патронатты отбасында тәрбиеленіп жатқан бір ұл керемет сурет салады. Бірақ ол мұны өзінің хоббиі деп санайды. Колледжде дизайн факультетінде оқып жатыр. Ата-анасы үнемі жігерлендіріп отырады. Отбасында бала өмірге басқа көзбен қарайды.
Бала асырап алушылар мектебі қалай жұмыс істейді?
– Ата-аналар үш ай оқытылады. Әр топқа он-он бес адамнан ғана алынады. Педагог, психолог мамандар кеңес береді. Қазіргі уақытта сабақтар онлайн өтуде. Ең бастысы, балалар үйінде баланың ұзақ уақытқа қалмауын қадағалау қажет. Сол сепбепті ерте жұмыс жүргізілсе, баланың интернаттық мекемелерге түсу қатері азаяр еді. Өйткені онда бала психикасы бұзылады. Кейін отбасына бейімделуі қиындайды. Интернаттағы әр баланың жаны жаралы...
Өңірде мүмкіндігі шектеулі балалар мәселесі де өткір тұр...
– Облыс орталығында №20 арнайы түзету мектеп-интернатынан басқа оңалту орталығы жоқ. Облыс бойынша Урюпинка арнайы балабақша-мектеп интернатында мүмкіндігі шектеулі 80 бала оңалтудан өтеді. Орта мектептерде коррекциялық сыныптар болғанымен, арнайы бағдарлама, дефектолог, логопед мамандар тапшы. Психолог, әлеуметтік қызметкерлер де жетіспейді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылармен жұмыс жүргізілуі тиіс. Әйелдер неге ішкілікке салынады? Себебіне үңілу керек. Мұның бәрі уақытты талап етеді. Отбасындағы мәселелер баланың дамуына тосқауыл болмауы үшін кешенді жұмыс жүргізілгені жөн. Бала тәрбиесі ерекше назар аударуды талап етеді. Аутист балалар үшін арнайы мектеп жоқ екені белгілі. Бұл бағытта жұмыс жүргізетін мамандар да тапшы. Ал денсаулығында кінәраты бар балалар жылдан жылға көбейіп келеді.
Ата-аналық құқынан айырылған отбасылар жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазір ата-аналық құқынан шектелгендер саны азаймай отыр. Өкінішке орай, мұндай ата-аналармен жұмыс істейтін орталықтар жоқ. Олардың отбасын, баласын сақтап қалуы үшін қолдау көрсетілмейді. Ол үшін мықты мамандар қажет. «Қиын бала» қайдан шығады? Тәжірибеде байқағанымдай, кез келген отбасында берекесіздік, ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжің, бөгде адамдардың араласуы бала санасына кері әсер етеді. Мектептерде отбасылық клубтар құру керек.
Өңірде шешімін күткен тағы қандай мәселелер бар?
– Жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия мүшесімін. Қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балалар мәселесі өзекті. Шырқы бұзылған отбасылар аз емес, ондағы балалар бірнеше айға дейін арнайы қолдау орталықтарына жіберіледі. Әрине, анасын баласынан айырмауға күш саламыз. Тәуекел тобында тұрған жұмыссыз, араққа салынған әйелдерді қалыпты өмірге оралту бір күнде шешілетін мәселе емес. Жасырары жоқ, қоғамда ата-аналық құқынан айырудан кейін ғана мәселе қозғалады. Отбасын сақтау үшін бұл өте кеш. Мұндай ата-аналарды есепке алып, бірден жұмыс жүргізу керек. Бірақ ол бізде жоқ. Өкінішке орай олардың нақты тұрғылықты жері, жұмысы болмағандықтан, іздеп табу да қиын. Портал құрылып, цифрландырылған карта арқылы бақылауда болуы керек. Кейбір ата-аналар бір жылдан соң ескі әдеттеріне қайта оралып жататыны өкінтеді. Қаулы бойынша қорғаншылық органдары ата-аналарға жұмыс тауып беріп, балаларын балабақшаға орналастырып, жұмыспен қамту бөлімдеріне тіркейді. Бірақ мәселеге терең бойлап жатқан кім бар? Бүгінгі күні араққа салынған әйелдер көп. Мысалы Сандықтаудағы қолдау орталығында 40-қа жуық бала бар. Олардың тең жартысы әке-шешелері бар «тірі» жетімдер. Ішкілікке салынған әйелдер балаға көңіл бөлмейді, жауапкершілік алғысы келмейді. Соның салдарынан бала психологиялық күйзеліске ұшырайды. Біз қалай болған күнде баланың отбасында өсуіне күш салуымыз керек. Бос тоңазытқыш, шашылған үй, ішімдік секілді үйдегі сүреңсіз көріністерден балалардың психикасы бұзылады. Ата-ана – бала тәрбиесінің айнасы деп бекер айтпаймыз ғой. Бала да ата-анасын қайталайды. Егер әйел адам қалыпты өмірге ұмтылмаса, өз бойындағы кемшіліктермен күреспесе бала патронаттық отбасында тәрбиеленуі тиіс.
Әңгімеңізге рахмет!