Балалар үшін қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызы зор
Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазалар қатаңдатылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Әділет министрлігі заңнама департаменті Қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамасы саласындағы жобалау жұмысы басқармасының бас сарапшысы Ержан Арай айтты.
Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Кәмелетке толмағандар қоғамның ең қорғалмаған және осал мүшесі болғандықтан, түрлі қылмыстық қол сұғушылықтардың құрбанына айналып жатыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2022 жылы елімізде қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккен кәмелетке толмағандардың саны 2005 адамды, ал 2023 жылы 2452 адамды құрады. Қылмыс құрбандарының – кәмелетке толмағандардың саны артуы оларды мемлекет тарапынан белсенді және тиімді қорғауды қажет етеді, - деді ол.
Мемлекет Басшысы өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны үшін жазаларды одан әрі қатаңдату қажеттігін атап өтті.
Бұл тапсырманың орындалуы 2024 жылғы 11 сәуірде Парламент Сенаты қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрініс тауып, Заң аясында Қылмыстық, Қылмысты-процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, Ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен «кінәліге материалдық немесе басқа тәуелді» адамдарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жазаны күшейту мақсатында «Ұрып-соғу» және «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптары Қылмыстық кодекске қайтарылды. - деді бас сарапшы.
Қылмыстық кодекстегі жаңа 108-1 «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және 109-1 «Ұрып-соғу» баптар құқық бұзушылықтарды ауырлататын екінші бөлікпен, оның ішінде көрінеу кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру туралы саралаушы белгімен толықтырылды.
Яғни, көрінеу кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірілсе не оны ұрып-соқса ол үшін тағайындалатын жаза бірінші бөлікке қарағанда ауырырақ болады. Құқық бұзушының тұлғасына қарай сот айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамау, бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыруды тағайындай алады.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодексте «Кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы тиісу» және «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» үшін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте «Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг)» және «Он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығару» үшін жауаптылық енгізілмек.
Өз кезегінде, кәмелетке толмаған балаларға қоғамдық көліктерде, көп пәтерлі үйлерде не өзге де жағдайларда, оның ішінде интернет пен әлеуметтік желілерде жасалатын жыныстық сипаттағы ұсыныстармен немесе жыныстық сипаттағы жанасулармен ұштасқан әдепсіз әрекеттер, әлі сана-сезімі жетілмеген жаскелең ұрпағымызды улап, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін «Синий кит», «Тихий дом» сияқты ойындардың тарауы, тек балардың ғана емес, ұстаздар мен оқу орындарының өзге қызметкерлерінің де кәмелетке толмағандарға буллинг көрсетуі, баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығарып жіберудің кері салдарды туындатуы сияқты қоғамдық резонанстар туғызған мәселелер бұл баптардың енгізілуіне себепші болды, - деп жазды маман.
Аталған өзгерістермен қатар, Қылмыстық кодексте «кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар» ұғымы қалыптастырылып, бұл қылмыстар бойынша белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан неғұрлым жеңiл жаза тағайындалмайды және татуласу бойынша іс тоқтатылмайды.
Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру (ҚК 105-бабы), көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр (ҚК 106-бабы) және орташа зиян келтiру (ҚК 107-бабы), қинау (ҚК 110-бабы), адамды ұрлау (ҚК 125-бабы), бас бостандығынан заңсыз айыру баптарының (ҚК 126-бабы) санкциялары күшейтілуде.
Ал жас баланы өлтіру (ҚК 99-бабы), зорлау (ҚК 120-бабы) және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасау (ҚК 121-бабы) үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазалау көзделуде, - деді ол.
Бұл Қазақстанның әрбір баласын құқық бұзушылықтардан қорғап, олар үшін қауіпсіз қоғамды қалыптастыру мақсатында жасалып жатқан төтенше шаралар болып табылады.
Осылайша, Заң балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеудегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, зорлық-зомбылық деңгейін төмендету, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейту және қауіпсіздігін арттыру сияқты қоғамға оң әсер етеді деп күтілуде, - деді бас сарапшы Ержан Арай.