МСҚ: Кәмелетке толмаған балалар қандай қызметтерді тегін ала алады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмек түрлері қандай? Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Бала денсаулығын қорғау және оны нығайту – өзекті мәселе. Өмірдің басты құндылықтарының бірі – денсаулық. Әр бала мықты, сергек, белсенді болуы керек: шаршамастан жүгіріп, велосипед теуіп, суда жүзіп, аулада балалармен ойнап, өсуі керек. Жиі ауырып, мазасызданатын баланың көңіл-күйі де болмайды, өз қатарынан қалыс қап, үлгерімі де нашарлайды. Сондықтан, бар қамқорлықты балаларға арналуы қажет.
Біздің балаларымыз – мемлекет қамқорлығында. Медициналық сақтандыру қорында 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет тарапынан жарна аударылатын санаттар қатарына кіреді. Барлық медициналық қызмет балаларға – ақысыз, - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.
18 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмек:
-
Кеңестер, диагностикалық, емдік, диспансерлік көмек;
-
Салалық маман-дәрігерлерінің кеңесі;
-
Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек;
-
Жақ-бет аумағында туа біткен патология бар балаларға ортодонтиялық көмек;
-
Жіті және созылмалы ауруларды анықтау;
-
Тәуліктік, күндізгі стационар, үй жағдайында стационарлық көмек ұйымдастыру;
-
Созылмалы сырқаттары бар балаларды динамикалық қадағалау және емдеу;
-
Қалпына келтіру емі және медициналық реабилитация;
-
Скринингтік тексерулер;
-
Мектепке дейінгі мекемелерге және мектепке барар алдында сауықтыру;
-
Ата-аналармен, отбасы мүшелерімен немесе баланың заңды өкілдерімен ақпараттық жұмыстар жүргізу;
-
Жаңа туылған және 3 жасқа дейінгі балаларды міндетті патронаждық қадағалау;
-
1 жасқа дейінгі балалар көрсеткіштері бойынша ана сүтін алмастыратын қоспалармен қамтамасыз етіледі;
-
Фенилькетонуриямен ауыратын балаларға емдік өнімдер беріледі;
- Денсаулығы нашарлаған 5 жасқа дейінгі балаларға үйде медициналық көмек көрсетіледі.