Балалар тауарлары нарығын кім билеп отыр? Қазақстан импортының басым бөлігі екі елге тиесілі
Қазақстанның балалар тауарлары нарығы импортқа тәуелді болып тұр. 2025 жылғы дерек бойынша оның 88 пайызын екі елдің өнімі құраған. Қай елдер?
Қазақстандағы балалар тауарлары нарығы негізінен импортқа тәуелді. Бұл туралы Қазақстанның балалар тауарлары индустриясы қауымдастығының президенті, ALEXPO көрме платформасының директоры Дарья Гайденрайх мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, елдегі өндіріс саласы әлі де күрделі жағдайда қалып отыр. Соңғы жылдары ашылған кейбір кәсіпорындар мен зауыттар түрлі себептерге байланысты жұмысын тоқтатып, өткен жылы өз өнімдерін сатуға мәжбүр болған.
Дарья Гайденрайхтың сөзінше, қауымдастық 2025 жылға арналған талдау жүргізген. Зерттеу барысында балалар тауарларының негізгі бес санаты ғана есепке алынған.
2025 жылы осы санаттар бойынша импорт көлемі 317 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткішке барлық тауар түрлері кірмейді, тек балалар тауарларына қатысты негізгі кодтар ғана есептелді. Жалпы бағалау бойынша Қазақстанға балалар тауарларының импорты жыл сайын шамамен 330 миллион долларды құрайды, – деді ол.
Сарапшының мәліметінше, импорттың басым бөлігі Қытайдан жеткізіледі. Оның үлесі – 55 пайыз. Ал Ресейден келетін өнімдер көлемі 33 пайызға тең.
Нәтижесінде нарықтың 88 пайызы Қытай мен Ресей өнімдерінен тұрады. Қалған 12 пайыз басқа елдерге тиесілі. Оның ішінде Өзбекстанның үлесі – 7 пайыз, Түркияның үлесі шамамен 1-2 пайыз деңгейінде, – деді Дарья Гайденрайх.
Сонымен қатар ол соңғы жылдары Қазақстан балалар тауарларын тек импорттап қана қоймай, экспорттай бастағанын атап өтті.
2025 жылы балалар тауарлары экспортының көлемі 23 миллион долларды құрады. Менің ойымша, бұл көрсеткіштің өсуіне маркетплейстер мен трансшекаралық сауда ықпал етті. Оның ішінде 21 миллион долларлық өнім Ресейге жөнелтілген. Яғни экспорттың шамамен 90 пайызы Ресей нарығына бағытталған, – деді қауымдастық президенті.