Балалар қауіпсіздігі: Ғаламтор және "Кибер тұмар"
Әлемде әрбір үшінші интернет қолданушысы – балалар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел барысында сөз алған ЮНИСЕФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі Айсұлу Бекмұса мәлімдеді.
Қазіргі таңда балалардың онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назардағы мәселе. Өткен жылы біз балалардың онлайн қауіпсіздігі негізінде зерттеу жүргізген едік. Нәтижесінде елімізде ғаламторға балалар өте ерте жаста кіретінін көрсетті.Ол 5-6 жастан басталып отыр. Сондықтан бұл көрсеткішке мән беру керек,-дейді спикер.
Ол ғаламтордың баланың дамуына таптырмас құрал екенін де тілге тиек етті.
Екінші жағынан ғаламтор бала үшін дамуына, шығармашылығына, біліміне мүмкіндік береді. Бірақ бұл тәуекел екенін ұмытпау керек,-деп атап өтті Айсұлу Бекмұса.
Спикердің сөзінше көптеген отбасында балалармен ашық диалог жүргізілмейді. Сондықтан ата-аналар балалар контентіне, олардың қызығушылығына көп мән бермейді. Сондықтан "Кибер Тұмар" бағдарламасы іске қосылды.
"Кибер тұмар" мақсаты − қоғамның назарын цифрлық технологияларды, әсіресе ең жас пайдаланушылар − балалар мен жасөспірімдер арасында жауапкершілікпен, қауіпсіз және нәтижелі пайдалануға аудару. Жұмыстың негізгі бағыттары балаларды шынайы өмірде де, виртуалды әлемде де қауіптен қорғау болады.
Науқан онлайн ортада ақпаратты таңдауға "иммунитетті" енгізу бойынша ата-ана жауапкершілігін күшейтуге әсер етеді. Сондай-ақ, ата-аналар мен педагогтарға балалардың цифрлық белсенділігін бақылау мен реттеудің тиімді әдістерін үйрете отырып, оларға білім беру іс-шаралары белсенді түрде жүргізілетін болады, − деп бағдарлама туралы толық ақпарат берді Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, бұған дейін Комитет ЮНИСЕФ-пен бірлесіп "Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі" балалардың ақпараттық қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін "Ата-ана бақылауы" бағдарламасын пайдалануға арналған ауқымды науқан жүргізген болатын.