20 Қазан 2026, 21:50 Фото: depositphotos.com

Балалар отпен ойнаған: Түркістанда тұрғын үйдің кіреберісін түтін басты

Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Түркістан қаласындағы Отырар шағын ауданында бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы кіреберісте түтін шықты.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға балалардың отпен ойнауы себеп болған. Олар жұмыртқаға арналған 10 картон қаптаманы өртеп жіберген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері баспалдақ арқылы 5 адамды, оның ішінде 4 баланы эвакуациялады. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

ТЖМ қызметкерлері кіреберістегі түтінді шығарып, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

ТЖМ ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды және оларға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіруді ескертеді. Балалардың отпен ойнауы өртке және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.