Бүгiн 2026, 12:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Балалар неге паразиттерді жиі жұқтырады? – маман себебін түсіндірді

Жаз мезгілінде балалар арасындағы гельминтоз инфекциясын жұқтыру қаупі артады.

Жаз мезгілінде балалар арасындағы гельминтоз инфекциясын жұқтыру қаупі артады. Оны неге жиі жұқтырады? Гельминтоз баланың денсаулығы мен дамуына қалай әсер етеді? Осы сұрақтарды Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаеваға қойдық.

– Айгүл Қошмұхамбетқызы, бүгінде гельминтоз мәселесі қаншалықты өзекті болып отыр?

– Көпшілік паразиттік инфекцияларды бұрынғы заманның ауруы деп қабылдайды. Бірақ бұл – қате түсінік. Қазіргі таңда да балалар арасында гельминтоз жағдайлары тіркеліп отыр. Оның үстіне мұндай инфекцияларға көбіне балалар шалдығады. Бұл олардың өмір салтына байланысты. Бала айналаны танып-білуге құмар келеді. Құмда ойнайды, жануарларды сипайды, жерде жатқан заттарды ұстайды. Кейде қолын жумай тамақ жеп қояды. Мұның бәрі инфекция жұқтыру қаупін арттырады.

– Балалардың ересектерге қарағанда жиі ауыруының себебі неде?

– Балалардың иммундық жүйесі толық қалыптасып үлгермеген. Сондықтан ағза паразиттерге қарсы күресте ересектермен салыстырғанда әлсіздеу болады. Сонымен қатар балалар көп уақытын ұжымда өткізеді. Балабақшада, мектепте, лагерьде немесе ойын бөлмелерінде бір баладан екіншісіне инфекцияның таралуы оңай.

– Инфекцияны жаз айларында жұқтыру қаупі жоғары ғой, сонда...

– Әдетте жазда және күздің басында қауіп күшейеді. Бұл кезде балалар көшеде көбірек жүреді, жеміс-жидек жейді, өзен-көлдерге шомылады. Кей жағдайда жемістер дұрыс жуылмайды немесе бала лас қолымен тамақтануы мүмкін. Сондықтан осы маусымда ата-аналар санитарлық талаптарға ерекше мән бергені дұрыс.

– Балалар арасында қандай паразиттер жиі кездеседі?

– Ең жиі кездесетіні – энтеробиоз. Оны халық арасында «ішек құрты» деп атайды. Оның негізгі белгісі – анус маңындағы қышу. Әсіресе түнгі уақытта мазалайды. Сондай-ақ аскаридалар кездеседі. Олар іштің ауырсынуын, ас қорыту бұзылыстарын, әлсіздікті тудыруы мүмкін.

Ал лямблиялар асқазан-ішек жолына әсер етіп, ас қорытуды қиындатады.

– Олар бала ағзасына қалай әсер етеді?

– Көп жағдайда ата-аналар баланың тез шаршауын немесе тәбетінің төмендеуін басқа себептермен байланыстырады. Бірақ кейде оның артында паразиттік инфекция тұруы мүмкін. Гельминттер ағзадағы қоректік заттарды пайдаланады. Соның салдарынан бала әлсірейді, тез шаршайды, зейіні төмендеуі мүмкін. Кейбір балаларда оқу үлгерімі нашарлап, есте сақтау қабілеті әлсірейді. Ал ауру ұзақ уақыт емделмесе, физикалық дамуға да әсер етуі ықтимал.

– Астанадағы жағдай қандай?

– Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша елордада гельминтоздың 385 жағдайы тіркелді. Оның 367-сі – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың осы кезеңінде 410 жағдай анықталған болатын. Оның ішінде 393 жағдай балалар арасында тіркелген. Бұл көрсеткіштер балалардың әлі де негізгі тәуекел тобында екенін көрсетеді.

– Ата-аналар қандай белгілерге назар аударуы керек?

– Ең жиі кездесетін белгілерге іштің ауыруы, тәбеттің төмендеуі, әлсіздік, салмақ жоғалту және аллергиялық реакциялар жатады. Осындай белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.

– Қалай сақтануға болады?

– Ең алдымен қарапайым гигиена ережелерін сақтау керек. Бала көшеден келген соң және тамақ ішер алдында қолын жууы тиіс. Тырнақтарын қысқа алып жүру маңызды. Көкөніс пен жемісті мұқият жуу қажет. Үйді таза ұстап, төсек жабдықтарын уақытында ауыстырған жөн. Егер үйде жануар болса, оны да тұрақты түрде ветеринарға көрсетіп, дегельминтизация жасап отыру қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі жаңарады.

Тағы оқи отырыңыз: Ерте жастағы балаларды бақылау қайтадан педиатрларға жүктеледі