Бүгiн 2026, 15:08 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Балалар мен жүкті әйелдерге ерекше назар аударылды: Емханаға тіркелу процесі жеңілдейді

Жобаны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі.

Қазақстанда емханаға тіркелу ережелерін өзгерту ұсынылды. Тиісті жоба «Ашық НҚА» платформасында орналастырылды.

Құжат қолданыстағы тіркелу тәртібін нақтылауды көздейді. Атап айтқанда, меншік нысанына қарамастан азаматты бір емханаға бекіту принципін бекіту, сондай-ақ медициналық ұйымдардың қызмет көрсету аумағының шекараларын айқындау ұсынылуда, - делінген құжатта.

Бұдан бөлек, жоба жыл сайынғы тіркелу науқанын жоюды қарастырады. Бұл ретте медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы мен көшкен кезде немесе емделушінің қалауы бойынша емхананы ауыстыру мүмкіндігін сақтап қалу жоспарланған.

Сондай-ақ халықтың жекелеген санаттарын, соның ішінде студенттерді, курсанттарды және әскери қызметшілерді тіркеу тәртібі нақтыланды.

Отбасыға бағытталған тәсілді сақтау және патронаждық бақылауды қамтамасыз ету үшін балалар мен жүкті әйелдерді тіркеуге ерекше назар аударылды.

Ұсынылып отырған өзгерістер аясында ерікті медициналық сақтандыру шарттары бойынша тіркелу тәжірибесін алып тастау жоспарлануда. Бұл ретте қызметтер емделушінің таңдауы бойынша медициналық ұйыммен жасалған шарт негізінде көрсетіледі, – деп толықтырды жобаны әзірлеушілер.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерістер нақтылау сипатында екенін, медициналық көмек көрсету тәртібіне әсер етпейтінін және халық үшін теріс салдары болмайтынын атап өтті.

Жоба 2026 жылғы 22 мамырға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.