Балалар мен ата-аналарға психологиялық қолдау: Заманауи тәсілдер
Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің бас сарапшысы Жібек Нұржан BAQ.KZ тілшісіне берген сұқбатында жасөспірімдермен жүргізіліп жатқан жұмыстар мен психологиялық орталықтар қандай көмек көрсететінін түсіндірді.
Сарапшының айтуынша, бүгінде елімізде мектептерде 8500-ге жуық психолог жұмыс істейді.
- Жібек Дәуітбайқызы, қазір елімізде балалардың қауіпсіздігі, олардың тәрбие мәселелері басты орында тұр. Министрлік жасөспірімдер арасыңдағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін қандай жұмыс істеп жатыр?
- Жасөспірімдер арасындағы аутодиструктивті жүріс-тұрыстардың, оның ішінде буллинг, зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірлеу және өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларының алдын алу бойынша министрліктің көлемінде және басқа да мүдделі мемлекеттік тараптармен бірлескен ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023-2025 жылдарға арналған балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, суицид превенциясы және олардың құқықтары мен салауаттығын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қабылданған болатын. Оның аясында жергілікті атқарушы органдармен де бірлескен жұмыстар жүргізіліп келеді. Мысалы, атап айтар болсақ, қазіргі таңда 20 облысты психологиялық қолдау орталықтары ашылды.
Бұл психологиялық қолдау орталықтарын әкімдіктер құрды, ал оның штат кестесі, жалпы жұмыс бағыты, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі бойынша министрліктің бұйрығы бар. Яғни біз әдістемелік ұсыныстар бердік. Министрлік берген әдістемелік ұсыныстарға байланысты бұл психологиялық қолдау орталықтары қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр.
Министрлік ұсынып отырған штатты бірлік 49,5 ставка. Мұның ішінде жартысынан көбі психолог мамандар. Бұл мамандар немен айналысады? Балалар мен жасөспірімдерге, олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне психологиялық кеңес береді. Психологиялық кеңес тегін беріледі. Яғни азаматтар кеңеске алдын ала жазылу арқылы немесе шұғыл қазір керек болса, орталықтарға жүгіне алады.
Сонымен қатар қазіргі таңда психологтардың жұмысына да әдістемелік көмек керек болғандықтан әдістемелік сүйемелдеу көрсетіледі. Балалардың саламаттығын қамтамасыз ету, қауіпсіздігі бойынша мектептерді сынып жетекшілері үлкен жұмыс істеп жүр. Директорлардың, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының жауапкершіліктерінде де белгіленген міндеттер бар. Осының барлығына психологиялық қолдау орталықтары әдістемелік көмек көрсетеді. Мысалы, курстар, семинарлар, тренингтер ұйымдастырады.
Балалардың құқығын қамтамасыз ету, аутодиструктивті жүріс-тұрыстардың алдын алу жұмысы осы саладағы мамандардың үнемі ізденісте болуын, кәсіби өсуін, білімін жетілдіріп отыруын талап етеді. Себебі қазіргі заманның бізге қойып отырған талабы да өте жоғары. Ол күн сайын, апта сайын түрленіп жатқанын көріп отырмыз. Жағымды жақтары өте көп. Қазіргі балалардың ерекшеліктері, дарыны, таланты бұрынғы стандарттарға сай емес, олардың мүмкіншіліктері жоғары. Ал бұл балалармен жұмыс істейтін мамандар да соған сай болуы керек.
Алайда, өкінішке қарай жағымсыз құбылыстар да түрленіп жатыр. Әсіресе интернетте сан алуан. Сондықтан бұл құбылыстармен жұмыс істейтін мамандарымызға да үздіксіз әдістемелік көмек қажет. Міне, осы жұмыстың барлығы республикамыздың әр аймағында қолға алынып, бір орталықтан жұмысты үйлестіріп отыр.
- Орталықтардағы психологтардың біліктілігі қалай бақыланады? Олар қалай іріктеледі?
- Орталықтағы психолог мамандардың біліктілігіне қойылатын талаптарға біз ұсыныстар бердік. Қандай талаптар бойынша іріктеп алуға болатынын белгіледік. Одан кейінгі жұмыс жергілікті әкімдіктердің, білім басқармаларының құзыретінде. Яғни біздің ұсыныстарға сүйене отырып, мамандар іріктеледі.
- Біз қандай тақырыптар, қандай бағыттар өзекті болып отырғанын ұсынамыз. Ал әкімдіктер өз деңгейінде, аймағының ерекшелігіне сәйкес, мамандарының сұранысына сәйкес жұмыстарын жүзеге асырады. Себебі бізде өңірлерде мамандардың біліктілігі де әртүрлі. 2019 жылы Қостанай облысы әкімдіктердің қолдауымен психологиялық орталықты ашып, алғаш болып жұмысты бастап кеткен. Кейін Қарағанды облысы, Астана қаласы, Павлодар облыстары да осы бағыттағы жұмысты бөлім түрінде ашып, 4-5 маманмен бастаған еді. Біз осы өңірлердің тәжірибесін зерделедік. Бұл еліміздің өзінің іс тәжірибесі. Біз осыны зерделеп, шетелдік кәсіби ортадағы негізгі трендтерді ескере отырып, республика көлемінде жұмыс жалғасып жатыр.
- Дәл қазіргі күні елімізде неше психологиялық қолдау орталығы бар?
- 20 облыста 20 орталық бар.
2024 жылы арнайы кесте құрылды. Барлық облысқа теңдей тапсырма берілді. Енді қазір әкімдіктер осы жұмысты жүйелі түрде жолға қойып жатыр.
Орталықтарда арнайы интенсив бағдарламаларға қатысқан психотерапевт мамандар отырады.
Психология – өте қызықты, ауқымды, кең ғылыми сала. Соның бірнеше саласында арнайы арттерапиядан курс өткізетін тренерлер облыс орталықтарында бар. Яғни осы орталықтардан сапалы, кәсіби көмек алуға болады.
- Бала ортасынан ата-анасынан көңілі қалып, жалғыз қалған кезде қайда хабарласа алады?
- Бірнеше облыста орталықтардың сенім телефондары құрылған. Барлық байланыс нөмірлері ата-аналарға да, педагогтерге де, балаларға да қолжетімді. Біз әр орталық құрылған кезде байланыс нөмірлерін тараттық. Мысалы, мектептерде де бар. Астана қаласында мектептердің кіреберісінде QR-код ілінген. QR-кодты ата-аналар да, мұғалімдер де, балалар да сканерлеп, Астана қаласының психологиялық қолдау орталығының сайтына тіркеліп, өтініш қалдыра алады. Кестеге сай көмек алуға болады.
Айта кетерлігі, психологиялық қолдау орталықтары мереке, демалыс күндері де арнайы кесте бойынша жұмыс істейді. Бұл ата-аналардың уақытына ыңғайлы болуы үшін жасалған.
- "Біртұтас ұлттық тәрбие" бағдарламасы қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
- Балалар арасындағы жағымсыз құбылыстардың алдын алу үлкен тәрбие жұмысына байланысты. Осы бағытта Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы "Біртұтас ұлттық тәрбие" бағдарламасы әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Қазір барлық мектепте жүзеге асырылып келе жатыр. Бағдарлама 2024 жылы жаңартылды. Қазіргі таңда 6 басты құндылық бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.
Айта кетерлігі, біз жағымсыз құбылыстардың алдын алған кезде онымен күреспеуіміз керек. Яғни оны жоюға емес емес, оның орнына қандай жақсы әрекеттерге талпынып, балалар бойында қандай құндылықтарды дамытып, қандай жақсы істермен айналысу керегі сияқты тәрбие процестері жүргізілуі керек. Сонда негативтерге орын болмайды. Оған баланың уақыты да қалмайды.
"Біртұтас ұлттық тәрбие" бағдарламасы балабақшадан бастап колледж сияқты барлық білім беру деңгейінде жүзеге асырылып жатыр.
- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын.