Балалар құқығын қорғаудың шұғыл әрі нәтижелі шаралары қабылдануда – Дәулет Кәрібай

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Дамуға бет алған мемлекетте балалардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалуы тиіс. Елімізде, оның ішінде Жамбыл өңірінде бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек айтып берді. Оның сөзінше, бүгінде аймақтағы полиция бөлімдерінің есебінде кәмелетке толмаған 258 жеткіншек тұрса, олардың 107-сі мектеп оқушылары екен, 72-сі колледж білімгерлері. Соңғы үш жылда олардың санының азаю динамикасы байқалады. Мәселен, 2019 жылғы жалпы көрсеткіш 333 болған. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыстар үш жыл бұрын 153 болса, былтыр 109-ға, яғни 28,7 %-ға кеміпті. Ал жыл басынан бері балалар жасаған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 %-ғ, яғни 33-тен 30-ға дейін төмендеген.

Алайда, кәмелетке толмағандарға ауыр дене жарақатын келтіру деректері 2-ден 10-ға, бұзақылық оқиғалары 7-ден 19-ға өскен. Балаларға қатысты жасалған қылмыстар саны 66-дан 109-ға, яғни 65,1 %-ға артқан. Атап айтқанда, жасөспірімдердің мүлкін ұрлау 23-тен 65-ке көбейсе, соның ішінде 56 дерек тек кәмелетке толмағандардың ұялы телефондарын коғамдық көліктерде ұрлау жолымен жасалған. Бұдан бөлек, жеткіншектерді тонау оқиғалары 5-тен 11-ге, оларға қарсы бұзақылық әрекетері тұрақты сақтылып отыр. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 1-ден 3-ке, 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу 6-дан 10-ға, жас баланы азғыру 1-ден 3-ке өскен, - деп атап өтті шенеунік.

Оның сөзінше, бұл жағдайлар өңірде кәмелетке толмағандарды қылмыстық әрекеттерден қорғаудың шұғыл әрі нәтижелі шараларын қабылдауды қажет еткен. Қазіргі таңда аймақта жетім балаларды тәрбиелеуге арналған 5 мекеме жұмыс істейді, олардың 2-уі – 111 бала қамқорлығына алған өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен 84 тәрбиеленушіні бағып-қағып отырған жасөспірімдер үйі – Жамбыл облыстық білім басқармасының, 1-уі – 62 бүлдіршінді тәрбиесіне алған «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйі – Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының, тағы 1-уі – №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының құзырында.

Өңірдегі 1 312 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 92-і білім беру жүйесіндегі мекемелерде, 8 бала денсаулық сақтау жүйесі мекемесінде, 26 жеткіншек әлеуметтік қорғау жүйесіндегі мекемеде тәрбиеленсе, 1 086 бала отбасылық тәрбиеде. Біздің облысымызда бастау алған «Мейірім» жобасы бойынша қамкөңіл балаларға арналған мекемелердегі 133 тәрбиеленушіге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 88 демеуші бекітіліп, бүгінгі күні олардың есепшоттарына 14 млн 400 мың теңге аударылды, - деп атап өтті Дәулет Жамаубайұлы.

Аймақ басшысының орынбасары соңғы жылдары жетім балаларды отбасылық тәрбиеге берудің үлесі артып келе жатқанын алға тартты. Мәселен, 956 жасөспірім қорғаншылық пен қамқоршылықта болса, 145 бала – патронаттық тәрбиеде екен. 77 жеткіншек отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде тұрып жатыр, 8 балақай қабылдаушы отбасыларында, 126-сы балалар үйлерінде. Демек, жетім балаларды отбасылық тәрбиеге берудің негізгі нысандары ретінде қорғаншылық пен қамқоршылық, патронаттық тәрбие, отбасы үлгісіндегі балалар үйлеріне орналастыру және қабылдаушы отбасыларды атап өтуге болады.

Жамбыл облысындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың ішінде 71-інің меншік құқығында баспаналары бар. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін кезекке 1 129 жеткіншек қойылған. Қалған 113-і жаңадан анықталып, құжаттары жинақталуда. Биыл аталған санаттағы 45 жасөспірім мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алды. Былтыр осындай жолмен 161 бала баспаналы болған-тұғын. Жалпы, аймақта жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан соңғы бес жылда 500 пәтер берілді, - деді Д.Кәрібай.

Ол сөзінің барысында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелеріне де тоқталды. Жамбыл облысы аумағындағы мектептердің 2-11 сыныптарында 217 402 оқушы болса, 33 378 оқушы маусым айында мектеп жанындағы демалыс алаңдарында сауықтыру шараларымен қамтылыпты. 7 680 оқушы қала сыртындағы лагерьлерге барады екен, ал 275 оқушы киіз үй лагерьлермен, 28 327 оқушы өлкетану, спорттық, бейіндік бағыттағы лагерьлермен қамтылмақ.

Қала сыртындағы лагерьлермен 7 681 оқушыны қамту жоспарланып отыр, оның 66-сы – өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау ортағының тәрбиеленушілері. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Талас, Шу аудандары мен өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін жазғы демалыспен қамту конкурс нәтжесімен анықталса, Т.Рысқұлов ауданында 4-маусымнан, Қордай ауданында 10-маусымнан, Меркі, Сарысу аудандары мен Тараз қаласында 14-маусымнан басталды. Осы орайда, айта кетерлігі аймақ басшысының жазғы каникул кезінде балаларды ауылдағы ата-әжелеріне демалуға жіберу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биылғы каникул кезінде 27 124 оқушы ауылдарда тұратын ата-әжелеріне барады, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, ел Үкіметінің қаулысымен жергілікті атқарушы органдар жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың өкілеттіктері кеңейтілген. Сонымен қатар комиссия хатшыларының мәртебесін көтеру мақсатында және осы саладағы мамандардың жиі ауысуының алдын алу үшін олардың мәртебесін бас инспектор деңгейіне көтеру ұсынылып отырған көрінеді. Айта кетерлігі, комиссия отырыстары айына 2 рет өтеді, олар сотқа материалдар дайындайды, рейдтік шаралар өткізеді. 

Соңғы кездері комиссия хатшыларының басқа жұмысқа ауысуы жиілеген. Мысалы, былтыр Шу ауданы бойынша комиссия хатшысы 4 рет, Сарысу, Жуалы, Жамбыл аудандарында 2 рет ауысыпты. Ал комиссия арқылы құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға қатысты 685 шара қабылданған. Сотқа 80 материал дайындаған. Балаларды тәрбиелеуден жалтарған ата-аналарға қатысты 63 мәселе, балалар құқықтарының бұзылуына байланысты 45 шағым мен арыз қараған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы