Балалар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілері арасында өткен «Қазақстан – менің алтын бесігім» республикалық фестивалінің қорытындысы жарияланды. Сайыс «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық облысынан 187 бала қатысты. Балалар вокалдық, хореографиялық шеберліктерін және театрлық өнерлерін көрсетті, деп хабарлады ҚР БҒМ баспаөз қызметі. 

Жас әртістер өз өнерлерін камераға түсіріп, оны онлайн форматта өткен байқауға жіберді. Нәтижесінде үш жас санаты бойынша бас жүлдені отбасы үлгісіндегі Төлеби балалар ауылының (Түркістан облысы), Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығының (Жамбыл облысы), сондай-ақ «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының (Қызылорда облысы) тәрбиеленушілері жеңіп алды.

«Татулықтың тұтқасы – бірліктің бесігі» атты халық билері байқауында бас жүлдені Шымкент қаласындағы №4 балалар үйінің би ұжымы жеңіп алды.

Театрландырылған байқауда Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері жеңімпаз атанды. Балалар «Жусан исі» драмалық қойылымын бір айға жуық дайындағандарын айтты.

«Біз бас жүлдені жеңіп аламыз деп ойлаған жоқпыз, бұл біз үшін тосын сый болды. Драмалық қойылымда ойнау оңай емес, бірақ біз бар жан-тәнімізді, шеберлік пен талантымызды жұмсап, өнерімізді барынша ашуға тырыстық», - деді театр ұжымының мүшесі.

Фестивальдің барлық жеңімпазы I, II, III дәрежелі дипломдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олар смартфон, бейнекамера, планшет, түсірілімге арналған сақиналы шам алды. Ешкім сыйлықсыз қалмады, барлық қатысушыға смарт сағаттар берілді.

«Фестивальге дарынды балалар қатысты. Олардың қойылымдарын YouTube арнасынан көруге болады. Бұл жоба әрбір қатысушыға өз әлеуетін барынша арттыруға мүмкіндік беріп, сонымен бірге құндылықтар мен бәсекеге қабілеттілік жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай байқаулар балалардың өз құрдастарымен ғана емес, ересектермен де ұжымда жұмыс істеуіне көмектеседі», - дейді ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Атап кетейік, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілері арасындағы «Қазақстан – менің алтын бесігім» республикалық фестивалі ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы