"Балалар Евровидениесі - 2020" байқауына өтінім қабылдау басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Байқаудың финалы 2020 жылдың 29 қарашасында Варшавада өтеді.

"Хабар" Агенттігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, финалы 2020 жылдың 29 қарашасында Варшавада (Польша) өтетін "Junior Eurovision Song Contest" халықаралық ән байқауының Ұлттық іріктеуіне қатысуға өтінімдерді қабылдауды бастайды.       

Биыл аталмыш байқаудың өтуіне еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдіруде. 

Байқауға 9 жастан 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатыса алады (финал уақыты кезінде, яғни 2020 жылдың 29 қарашасында үміткердің жасы осы көрсеткіштен асып кетпеуі керек).          

Ұлттық іріктеу 4 кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең – өтінімдерді қабылдау. Қатысушыларға сауалнаманы толтырып, өзі орындаған әннің бейнежазбасын Ұлттық іріктеудің ресми сайтына jevision.khabar.kz жүктеуі керек. Өтінімдер 20 тамызға дейін қабылданады.

Екінші кезең – бұл  халықаралық ән байқауларының жеңімпаздары мен танымал орындаушылардан құралған әділ қазы алқаларының шешімімен ең мықты деген 30 қатысушыны іріктеу кезеңі.

Үшінші кезең jevision.khabar.kz сайтындағы онлайн дауыс беру сатысы. Бұл кезеңде қазақстандықтардың әрқайсысы өзіне ұнаған қатысушыға дауыстарын бере алады. Онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша Ұлттық іріктеудің 12 финалисі анықталатын болады. 

Төртінші кезең – Ұлттық іріктеудің финалы, бұл кезеңде еліміздің ең танымал деген композиторларының қатысушыларға арнап жазған арнайы әнін орындау арқылы, 12 финалист әнді шебер орындау жағынан жарысқа түседі. Әділ қазылар алқасының берген бағасы мен SMS дауыс беру нәтижесінде жеңімпаз  анықталатын болады. Ең көп ұпай жинаған финалист Варшавада өтетін "Junior Eurovision Song Contest" Халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан сайысқа шығатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан "Балалар Евровидениесі" байқауына үшінші рет қатысуда. 2018 жылы байқауға Данелия Төлешова "Өзіңе сен" әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болды. Былтырғы жылы Ержан Максим "Арманыңнан қалма" әнімен екінші орын алды (қазылар алқасының шешімі бойынша  бірінші орын).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы