Балалар енді кез келген онлайн ойынға кіре алмайды: Жаңа заң әзірленді
Қазақстанда балаларды цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерден қорғау талаптары күшейтілмек. Жаңа заң жобасы аясында онлайн ойындар мен қосымшаларды міндетті түрде таңбалау, тексеру, ал талапқа сай келмеген жағдайда оларға қолжетімділікті шектеу немесе бұғаттау ұсынылып отыр. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы кәмелетке толмағандарды қорғау үшін цифрлық және ақпараттық ортаны кешенді реттеуді көздейді.
Атап айтқанда, онлайн ойындарды қоса алғанда, цифрлық өнімдердің мазмұнына қатысты арнайы таңбалау және сипаттау талаптары енгізілмек. Өнімдерде ойын ішіндегі ақылы сатып алулар, пайдаланушылар арасындағы байланыс және хат алмасу мүмкіндіктері сияқты ықтимал қауіптер туралы ақпарат көрсетілуге тиіс.
Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органға цифрлық өнімдер мен қосымшаларды міндетті түрде тексеру және олардың талаптарға сәйкестігін бақылау өкілеттігін беру ұсынылады. Егер заңбұзушылықтар анықталса, тиісті өнімге қолжетімділікті шектеу, оны жою немесе бұғаттау тетіктері қолданылады. Белгіленген талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілік те қарастырылған.
Осындай талаптар маркетплейстерге де қатысты болмақ. Заң жобасында кәмелетке толмағандардың электрондық сауда алаңдары арқылы тауар сатып алу кезіндегі өзара іс-қимылын реттеу ұсынылған.
Бұдан бөлек, барлық цифрлық платформаларда «Ата-ана бақылауы» тетігін енгізу көзделіп отыр. Бұл балалардың таңбаланбаған және тексеруден өтпеген цифрлық өнімдерге, қосымшалар мен ойындарға қол жеткізуін шектеуге мүмкіндік береді.
Заң жобасындағы тағы бір жаңашылдық – балаларға арналған фотосуреті бар ID-картаны енгізу. Ол баланың жеке басын сенімді түрде сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл құрал 18 жасқа толғанға дейін мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіру, балалардың құқықтарын қорғау және қажетті қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған бірыңғай цифрлық маршруттың негізі болмақ.
Айта кетейік, «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы заңнамалық ойлау қабілеті бар жасанды интеллект моделі енгізілген AI-Quryltai платформасының көмегімен әзірленген алғашқы құжат болды.
Динара Зәкиеваның айтуынша, жасанды интеллект көмегімен қалыптастырылған барлық ұсыныс әзірлеуші депутаттардың тексеруінен өтіп, қосымша пысықталған.
Бұған дейін Қазақстанда алғаш рет «AI-Quryltai» жасанды интеллект платформасының көмегімен заң жобасы әзірленгенін жаздық. Жаңа құжат балаларды цифрлық және ақпараттық ортадағы қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен алғаш рет заң жобасы әзірленді.