Балалар құқығы бір күн ғана емес, үнемі қорғалуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Республикалық "Әкелер одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет бүгінгі халықаралық балаларды қорғау күніне қатысты пікір білдірген еді. 

1 маусым маңызды күндердің бірі. Біз "Отан отбасынан басталады" дейміз, ал, отбасының негізі – балалар, олардың болашағы, қауіпсіздігі, білімі, денсаулығы. Балалар құқығын қорғау негізгі мақсаты саналатын бұл мереке 1949 жылдан бері аталып өтеді. Ересектер өз құқығын қорғай алады, ал, балаларда мұндай мүмкіндік жоқ. Балалардың сауатты білім алуға, бейбіт өмір сүруге, жақсы отбасында тәрбие алуға толық құқығы бар.  Баланың сәби күнінен өзіндік ойы, көзқарасы қалыптасқан адам болып ержетуіне біздер жауаптымыз. Балалар құқығы бір күн ғана емес, үнемі сақталуын ересектер естен шығармауы керек, - дейді ол. 

Мақсұтбек Аймағанбет 2012 жылы құрылған "Әкелер одағының" негізгі мақсаты – бала тәрбиесінде, жалпы, отбасындағы әкелердің рөлін нығайту екенін айтады.

Бала тәрбиесі жолында аналар қалай жауапты болса, әкенің де қосар үлесі ерекше. Мектептердегі ата-аналар жиналысына, қандай да бір мектепаралық шараларға балаларды дайындау кезінде, тіпті, соңғы айларда қашықтан оқыту форматында да балалардың жанынан көбіне аналары ғана табылады. Өкінішке қарай, әкелер бұл процестерге жиі араласа бермейді. Біздің мақсат – бала тәрбиесіндегі, жалпы, отбасындағы әкелердің рөлін нығайту. "Әкелер ұйымы" Қазақстандағы мектептермен жұмыс істеп жатыр. Мектептерде "Әкелер кеңесі" ашылуда. Онда әкелер оқушылармен өмір жайлы, өздерінің мамандықтары жайлы әңгіме-дүкен құрады. Сонымен қатар, түрлі ұйымдармен байланыстамыз, мысалы, білім-инновация лицейлерімен бірлесіп, еліміздің бірқатар қаласында ата-аналар форумын өткіздік.  БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қорымен бірге "Саналы әке" атты бағдарлама жасап шықтық. Қазақстан бойынша жыл сайын "Әкелер форумы" деген форум өткізіп келеміз. Бала тәрбиесінде әкенің рөлі зор екенін барынша насихаттап жүрміз, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы