Балаларға тапанша кезеген адамды ұстаған полиция қызметкері марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қызмет барысында ерекше көзге түскен қызметкерлерге грамота табыстады. Патрульдік полиция полкінің аға сержанты Руслан Шмидт те осындай марапатқа ие болды. 


Жақында ғана Руслан Шмидт қызмет бабында балалардың ойын алаңында тапанша ұстаған ер адамды ұстады. Ол оқиғаның мән-жайы туралы айтып берді.  

«12 маусым күні жұмыс барысында Кенесары-Уәлиханов көшелерінің қиылысында маған екі жасөспірім жүгіріп келіп, көмек сұрап. Бір кісінің қарумен жүргенін, оларға кезегенін айтты. Дереу оқиға болған жерге барып, оны қуалап жетіп алдым. Бір-бірімізге қарама-қарсы тұрып қалдық. Ол қаруды кезеді. Бірінші қаруын алып алу керек деген ой келді. Самбодағы әдіс тәсілдерді қолданып, оны жерге жықтым. Балалар келіп көмектесті. Әріптесім қолына кісен тағып, Байқоңыр аудандық басқармасына алып кетті. Қорқыныш ойға келген жоқ. Бірінші міндеттерімді ойлап, орындадым. Бірінші біздің міндетіміз  – қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, адамдардың өмірін қорғау. Осы ерлігім үшін кәсіби мереке қарсаңында марапатталдым», - деді Шмидт. 

 Ол сөз соңында қызмет бабында болмаса да полиция қызметкері болғаннан кейін міндетті түрде кез келген адамға көмектесетінін, осындай тәуекелдерге баратынын жеткізді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы