Балаларға қатысты зорлық-зомбылық азайып келеді
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысында балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыстар қалай жүргізілуде? Олардың құқы қаншалықты қорғалып жатыр? Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Алихан Алентаевтың айтуынша, биыл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 13,4%, яғни 97-ден 84-ке төмендеген.
Жалпы, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, бақылаусыз және қараусыз жүргендерге ескерту, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар тиісті іс-шаралар атқарылған. Атап айтқанда, жыл басынан бері 4-10 қаңтар аралығында "Жасөспірім", 20-22 ақпан аралығында "Түнгі қаладағы балалар", 11-15 наурыз аралығында Түркістан облысы аумағында "Қауіпсіз мектеп" жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілді.
Бұл жүргізіліп отырған шаралардың мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, оларға жыныстық тұрғыдан тиісіп, қол сұғылмауын, қорқытып-үркіту, қоғамға қарсы іс-әрекетке тарту, қоғамдық орындарда, жолдарда және бейтаныс адамдармен қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын оқыту.
Осы мақсатта жыл басынан мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан іс-шаралар нәтижесінде, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 29 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Түркістан халық саны жағынан көп өңір. Жастар ертеңіміз болғандықтан біз олардың қауіпсіз, бақытты балалық шағы болғанын қалаймыз әрине. Біз облыстағы барлық мектеп оқушыларының арасында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақталуына мүдделіміз. Осының негізінде, Полиция департаментінің бастығы облыстың қалалық, аудандық полиция басқармасы мен бөлімдеріне арнайы бекітілген кесте жолдады. Яғни жалпы білім беру мекемелерінде қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін, ювеналды полиция инспекторлары мен аумақтық учаскелік полиция инспекторлары бекітілді. Оқушылардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп алдындағы жаяу жүргіншілер өтетін жолаққа ювеналды полиция инспекторлары және инспектор жетіспеген мектептерге аумақтық учаскелік полиция инспекторлары бекітіледі. Олар өздері бекітілген аумақта жол қауіпсіздігін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мектеп аумағында қылмыспен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін профилактикалық іс-шараларды атқарады, - деді полиция майоры Алихан Ұласбекұлы.
Сонымен, жыл басынан бері алты айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс – 13,4%, яғни 97-ден 84-ке төмендеген. Жалпы осы 84 қылмысты жасауға 92 кәмелетке толмаған жасөспірім қатысқан, оның 37-сі мектеп оқушысы, 30-ы колледж студенттерінің үлесіне тиіп отыр, ал 4-уі жоғарғы оқу орнының студенті.
Жас мөлшері бойынша, 14-15 жастағылар 26 қылмысқа қатысқан болса, 16-17 жастағылар 66 қылмысқа қатысыпты. Кәмелетке жасы толмағандарға қатысты қылмыстардың саны – 23% немесе 126-дан 97-ге төмендеп отыр.
Бұдан бөлек, құқық бұзушылыққа бейім 454 (2019 жылы 465) кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 232 (2019 жылы 242) қолайсыз отбасы Ішкі істер органының есебіне алынды.
Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына 160 іс-құжат жолданып, комиссия отырысында қаралды. Құқық бұзушылыққа бейім 3 жасөспірімді Кентау қаласындағы арнайы мектепке жолдау туралы Сот шешімі қабылданды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 8 ата-ана өз құқықтарынан айырылды. Өкінішке қарай, облыста балалар арасында суицид жасау әлі де болса тыйылмай тұр. Жыл басынан бері аймақта жасөспірімдердің өзіне өзі қол жұмсаудың 47 дерегі тіркелген. Оның ішінде 19 оқиға өліммен аяқталса, (2019 жылы 26), 28-і оқталмақ болған (2019 жылы 28).
Осы жылдың 20 наурызынан бастап, облыс аумағындағы мектепке дейінгі ұйымдар мен меншік нысан жұмыстары тоқтатылды. Қазір мектеп оқушыларының бәрі де жазғы демалыста жүр. Алайда тәртіп сақшылары күн-түн демей өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе өзен-көл мен канал жағалауларында суға батып кету оқиғаларын болдырмас үшін полиция инспекторлары профилактикалық іс-шараларды күшейтуде.
Байқасаңыз, өткен жылға қарағанда облыста балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен басқа да көрсеткіштер айтарлықтай төмендеген. Кәмелет жасына толмағандар арасында 3048 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Масаң күйдегі 31 дерек, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүру – 137, түнгі уақытта ата-аналарынсыз және заңды өкілінсіз қыдырыстап жүрген 2639 дерек, табак өнімдерінің сатылуы – 25 және 39 ойын-сауық ғимаратының иесіне қатысты іс сотқа жолданды, - деді Алихан Ұласбекұлы.
Тағы бір айта кететін жайт, қала, аудандарда мектеп инспекторлары тарапынан жасөспірімдердің арасындағы экстремизмге қарсы қылмыстардың алдын алу мақсатында білім беру мекемесі оқытушыларымен және ата-аналарымен WhatsApp, Instagram интернет желілерінде дәрістер өткізіліп келеді. Бұл бағытта да жұмыстар қатаң бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда.