Балаға қызыл түсті йогурт бермеген абзал – маман

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нутрициология ғылымы дұрыс тамақтану арқылы салауатты өмір салтын ұстануды үйретеді. Адам денсаулығы пайдалы, бойға сіңімді тағам жеуіне тікелей байланысты. Қазір көпшілік дұрыс тамақтануға бет бұрып жатыр. Талшын Артыққызы әлеуметтік желіде тек ересек адамдардың ғана емес, баланың дені сау болуы үшін оны қалай тамақтандыру керек екенін талдап, жазып отырады. Бүгін бала денсаулығы, қосымша тамақ және қандай дәрумендер берілуі керек жөнінде аз-кем сөз қозғайтын боламыз.

Салеметсіз бе! Бүгін бала денсаулығы, баланың дұрыс тамақтануы жайында сөз қозғасақ. Аналардың ең бірінші айтатыны баламның тәбеті жоқ, тамақ жемейді, ет жемейді дейді. Неліктен олай? Дәрумен жетіспеуінен болуы мүмкін бе?

Баланың жалпы тәбетінің болмауы, тамақ жемеуі, ет жемеуі тікелей анасының тамақтандыру әдетінде, баланың тамаққа деген қызығушылығын оятпауында жатыр. Ет жемейтін балада көбінесе қаназдық (анемия) болады. Етті ұнатпайтын балалар болады. Тамақты таңдап жейтін балалар болады. Бірін жесе, екіншісін жемейді. Ол көбіне аналары қатты уайымшыл болатын балаларда кездеседі. Өйткені балалар ең керемет – психологтар. Анасының назарын аударту үшін әдейі жемеуі де мүмкін. Көбіне балада темір жетіспесе, анемия болса ол бала ет жемейді.

Балаға неше айынан бастап қосымша тамақ беруге болады? Егер бала сүтке тойып жүрсе де қосымша тамақ беруге бола ма? Керісінше салмағы аз балаға қосымша қандай тамақтарды беріп бастаған абзал.

Балаға 6 айынан бастап қосымша тамақ беру керек. Өйткені ас қорыту ферменттері тек 6 айда ғана іске қосылады. Оған дейін беруге мүлдем болмайды. Сүтке тойып жүрсе де қосымша тамақ беру керек. 6 ай толғанда қосымша тамақ бермей, бір жасқа дейін емізіп жүрген аналардың балалары не шайнай алмайды, не тамақты білмейді, тамақтың не екенін түсінбей жатады. Сөйтіп баланың дамуы да кешеуілдейді. Бұл организмді үйрету емес, бұл анаға да балаға да қажет нәрсе. 2 жасқа дейін ана сүті негізгі тамақ болып қалады да, қосымша тамақты бір жасқа дейін баланы тойдыру үшін бермейміз, біз қосымша тамақты баланы үйрету үшін береміз. Әр айда әр тағамды қосамыз. 6 айында жеміс, көкөніс езбелер болса, 7 айында ботқалар, 8 айында сүт қышқылды өнімдер йогурттар мен ет кетеді, 9 айында крахмалды бұршақ өнімдері, қамыр, ұн тағамдарын берсек болады. Бала бір жасқа толғанға дейін тамақ түрлене береді. Бір жастан асқан бала барлық тамақпен таныс болуы керек.

Баланың салмағы аз не көп болуы генге де байланысты болады. Арық бала ауру болады, толық бала сау болады деген өте кереғар пікір.

Сіз тамақ аларда міндетті түрде құрамын оқуға кеңес бересіз, өзіңіз талдап көрсетесіз? Балаға не аламыз, не алмаймыз? Тіпті отандық өнімдерге де талдау жасап, балаға беруге болмайды деп айтып жатасыз. Сонымен тағамның құрамында не болса алмаймыз?

Тағамның құрамын оқу өте маңызды. Себебі тағамның құрамында ағзаға улы заттар болуы мүмкін. Сонымен не болса алмаймыз, бірінші трансмайлар. Олар маргарин, өсімдік майлары, пальма майы, соя майы дегендей. Жалпы өсімдік майлары дегенді алмаймыз. Эмульгаторлар, ароматизаторлар, бояғыштар, лицитин, табиғи емес бояулар болса алмаймыз, әсіресе  - йогурттар. Қызыл түсті йогурттардың құрамындар кармин бар. Кармин халал емес. ГМӨ болмауы керек. Глютенсіз, арахиссіз, арахистің әртүрлі қалдықтарынсыз тағамдарды алу керекпіз. Байқасыңыз біздегі көптеген йогуртта олар бар.

Балаға беретін дәрумендер жөнінде айтып өтсеңіз. Неше жасынан бастап қандай дәрумендер беруге болады?

Балаларға дәрумендерді жетіспеушілік болса ғана беру керекпіз. Былай 24 сағаттың ішінде тағамнан олар қажетті дәруменді алады. Балаларға анализсіз, профилактика үшін міндетті түрде берілетін дәрумен ол Д3 пен С дәрумені. Сонымен бірге цинк берсек болады. Олар иммундық жүйені қорғайтын дәрумендер.

Дәрумендер суда және майда еритін болып бөлінеді. Майда еритін дәрумендер тамақпен, суда еритіндерді тамақтан соң екі сағаттан кейін ішеміз. Ал Д3 дәруменін таңғы сағат 9-11 аралығында таңғы аспен бірге ішкен дұрыс.

Күз уақытында балалар жиі салқын тиіп ауырып жатады. Дене қызуы көтерілсе бірден дәрі беріп жатамыз, бұл дұрыс па? Қай дәріні (таблетка, сироп, свечи) қандай кезде және баланың жасына қарай қалай беру керек?

Бала күз уақытында күннің бірден суық болып кетуінен жиі ауруы мүмкін. Сонымен қатар балабақша, мектеп уақыты басталады. Балалар жиі қарым-қатынаста болады. Күзде және қыста бөлмелерді ылғалдау мен желдету аз болады. Бір бөлмеде балалар ұзақ отырады. Үйде, балабақшада, мектепте көбіне терезе жабық тұрады. Ата-аналар үйді желдетуден қорқады. Оның үстіне үйде жүрсе де баланы қалың киіндіріп қоятын аналар бар. Ауа тар болған сайын вирус пен бактерия көбейе береді. Сол үшін ешқайда шықпай, үйде отырған балаңыз да ауыра береді.

Ойын баласы тез терлеп, ұзақ уақыт жүрсе суықтап қалады. Көбіне ОРЗ аурулары суықтаудан пайда болмайды, бірақ ұзақ уақыт жүрсе ағза өз микрофлорасына да қолайлы орта туып, ауырып қалады. Вирустар ылғалды (сырость), салқын ортада тез көбейеді.

Балалар көбінесе желденуден, бас киім кимегеннен, киінбегеннен, үйде жалаң аяқ жүргеннен емес- ағзаға вирус кіргеннен ауырады.

Ол үшін не істеу керек. Алдын алу керек. Жыл мезгіліне байланысты дайындық керек. Егер дәрумен жетіспесе толықтыру, дұрыс тамақтану және физикалық жүктеме арқылы нығайту, дұрыс киім кию, үйді жиі желдетіп, ылғалдандыру қажет. Баланы туғаннан микрофлорасы жоқ жағдайда ұстап үйрету. Бала керісінше сондай ортаға бейімделіп өскені дұрыс.  Оны әлпештеп, өбектеген сайын, бала ауыра береді.

Аналар қандай да бір дәрі бермес бұрын міндетті түрде дәрігер нұсқауы және дәрідегі нұсқаулықты оқып, беру уақытын (интервал) сақтау керек. Сонда ғана нәтижелі ем болады.

Доза бала жасына және салмағына сай беріледі. Егер аз берсеңіз дәрі эффект көрсетпейді. Егер көп берсеңіз токсинді (улы) болады. Дәрі ағзаға енгесін ол ыдырап әсер етуіне біраз уақыт керек. Ол асқазанға түсіп, қанға өтеді, қанмен органдарға жетіп, одан кейін бүйрегіңіз арқылы ол сыртқа шығып кетеді. Дәл осы кезде оның концентрациясы өскен кезде ол жұмыс жасайды. Ал ол төмендей бастағанда қайта беру керексіз. Фармокологтар сол үшін доза мен беру уақытын көрсетеді. Оны сақтау маңызды. Дәрінің әсер етуіне асқазан жағдайы, ферменттер, ph ортасы әсер етеді. Сондықтан, дәріні тамаққа дейін не кейін қабылдайды. Дәрілер 2 түрі болады.
Ауру себепшіге қарсы, яғни бактерия, вирусқа қарсы (антибиотик) және ауру симптомына қарсы оларға мысалы температура түсіретін дәрілер жатады. Кей аналар білмей профилактика үшін де береді. Ол бактерияның төзімділігін арттырады. Егер сіз бала емізіп жүрген болсаңыз, сізге жазған дәріні алып e-lactancia.com сайтына енгізіңіз де бола ма, жоқ па, оның дозасы жайлы толық ақпарат білесіз.

Кей балаларда құсу рефлексі дамуы кештеу болады. Сол кезде дәріні ішкенде құсып тастайды. Ол кезде дәрінің басқа аналогын іздейсіз. Мысалы свечи түрінде. Алайда мұндай құбылыс үш жасқа дейінгі балаларда болады. Үш жастан кейін ақырындап физиология бойынша құсу рефлексі толық дамиды да бала берген дәріні түгел қабылдай алады. Бастысы доза мен уақыт интервалын дұрыс сақтайтын болсаңыз, онда сіз ауруға дұрыс себепші таба аласыз. Керісінше дозасынан асырып жіберетін болсаңыз, өзі әлсіреп, тұрған организм одан сайын уланады. Сондықтан дәріні алғанда, бергенде дәрігердің нұсқауы мен дәрінің нұсқаулығын мұқият оқыған жөн.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы