Балаға күш қолданған: Қостанай облысында ер адам 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды
Ал жәбірленуші баланың әкесі ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен.
Қостанай облысында кәмелетке толмаған балаға күш қолданған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы баланың жасын біле тұра оны екі рет құлағынан ұстап, физикалық ауырсыну келтірген. Салдарынан баланың құлақ тұсында теріасты гематомасы пайда болған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды сұраған. Ал жәбірленуші баланың әкесі ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен.
Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерді. Алайда оның қоғамдық тәртіпті бұзғаны және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, тұрғылықты жері бойынша теріс мінездемесі бар екені назарға алынды.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.
Барлық мән-жайды саралай келе, сот оған 100 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындады. Сонымен қатар қорғаншылық және қамқоршылық органына баланың тұру және тәрбиелену жағдайларын тексеру жөнінде жеке қаулы шығарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.