Балаға 17 мың, ал жануарға 74 мың теңге: Депутат ит-мысыққа кететін ақшаны есептеді
Депутат Нұргүл Таудың пікірінше, ит-мысыққа кететін ақша балаларға бөлінетін қаражаттан бірнеше есе көп
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау иесіз жануарларды қорғау мен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін өзгерістер туралы мәжілісте пікір білдіріп, жануарлар мен балаларға бөлінетін шығындарды салыстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мәселе тек қараусыз жануарлардың санын реттеу ғана емес, сонымен қатар мемлекет бюджетіндегі басымдықтар мен құндылықтар жүйесін қайта қарауды талап етеді.
Қазақта ит – жеті қазынаның бірі деген ұғым бар. Біз жануарларға жанашырлықпен, тіршілік иесіне құрметпен қарайтын халықпыз. Сондықтан қараусыз жануарларды қорғау, оларды гуманистік тәсілмен реттеу маңызды, – деді Нұргүл Тау.
Депутат халықаралық тәжірибені мысалға келтіріп, аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, қайтару немесе босату әдістері елімізде де қолданылады деп атап өтті. Бұл тәсіл жануарларға қатыгездік көрсетпей, олардың санын табиғи жолмен реттеуге бағытталған.
Алайда Тау шығындарға назар аударды. Ресми деректерге сәйкес:
- Бір итті стерилизациялау – 24 010 теңге
- Кастрация – 17 244 теңге
- Вакцинация – 7 713 теңге
- Эвтаназия – 11 571 теңге
- Тәуліктік күтім – 5 885 теңге
Осылайша, бір итке операциядан кейінгі жалпы шығын орта есеппен 74 000 теңгені құрайды. Мысықтар бойынша бұл көрсеткіш шамамен 57 000 теңге.
Нұргүл Тау бұл сандарды әлеуметтік саладағы шығындармен салыстырды:
- 2026 жылы көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы:
- 4 баласы бар отбасы – айына 69 330 теңге
- 5 баласы бар отбасы – 86 673 теңге
- 8 және одан көп баласы бар отбасы – әр балаға 17 000 теңге
Яғни біз бір жануарға 57-74 мың теңге аралығында қаражат жұмсап отырмыз, ал әрбір балаға ай сайын шамамен 17 000 теңгеден төленеді. Бұл тек сандардың айырмашылығы емес, нақты статистика. Мектептерде балалардың сапалы тамақтануы да толық қамтамасыз етілмейді – бір баланы тамақтандыру күніне 467-472 теңгеден аспайды, – деді депутат.
Таудың пікірінше, бұл жағдай демографиялық саясатқа, адами капиталдың сапасына тікелей әсер етеді. Депутат жануар немесе адам деп таңдау қойып отырған жоқ екенін, мәселе дұрыс теңгерімде шешілуі керек екенін атап өтті.
Біз бір мезгілде әрі гуманистік, әрі әлеуметтік әділетті саясат жүргізуіміз керек. Бірақ үшін бюджет шығыстарының құрылымында адамға, әсіресе балаға бағытталған қолдаудың басымдығы нақты көрініс табуы қажет, – деді Нұргүл Тау.
Нұргүл Тау заң жобасын қолдайтынын білдіріп, үкіметтен иесіз жануарларға бөлінетін бюджет шығыстарын қысқартып, балаларға бөлінетін қаражатты арттыруды ұсынды.