Балаева журналистерді құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Журналистер - қоғамның жанашыры. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған онлайн-марафон барысында айтты.
Кез келген қоғамның дамуы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі сол қоғамның ішкі тұрақтылығына, береке-бірлігіне, ұлттық құндылықтарына, мемлекеттің мықты идеологиясына байланысты. Мұны қалыптастыратын ғалымдар мен зиялылар, ақын-жазушылар мен журналистер. Журналистер - қоғамның жанашыры. Қоғам тіршілігіндегі қылт еткен қиыншылықта бірінші болып үн қататын, тығырықтан жол іздейтін де журналистер қауымы. Оралхан Бөкеев ағамыз кезінде "ақиқат сөздің бәйгесі - мылтықсыз майдан, жабысы қалып, жарымда сәйгүлік озғаны" деген еді. Бүгін ақпарат майданының қаруын қалам, өрісін қағаз деп, ақиқаттың арда жүгін арқалап жүрген журналистердің мерекесі, - деді Балаева.
Министр өзінің және министрлік атынан әріптестерін шын жүректен құттықтайтынын айтты.
Расында да, журналистика шығармашылық өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениетті қажет етеді. Жан-жақты білімділік пен ішкі мәдениетті қатар қажет ететін мамандық. Өйткені ғұлама ғалыммен де, біртуар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет, асқақ абырой. Өз басым осындай қасиет пен абыройды отандық журналистиканы бүгінгідей тамаша деңгейге көтерген әрбір тілшінің бойынан көремін. Көріп қана қоймай, бар ерекше талғампаздықтарыңызды сезінемін. Талғамды қоғамды қалыптастыртып, айналамызға адал ақпарат жеткізуге тырысқан ауыр да абыройлы еңбектеріңіз үшін риясыз алғысымды жеткіземін. Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін, ел игілігіне ту еткен еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен береке тілемін , - деді ол.
Айта кетейік, 2004 жылдан бері маусым айының соңғы жексенбісі журналистер күні ретінде аталып өткенімен, 2011 жылдың 20 қазанында ел Президенті Жарлық шығарып, маусым айының 28 жұлдызы - "Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні" болып белгіленді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Парламент палаталарының бірлескен отырысы 30 маусымда өтеді
Өзгелердің жаңалығы