Волонтерлық бір жылмен не бір жобамен шектелмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел астанасында Волонтер жылының жабылуына байланысты Халықаралық онлайн конференция өтіп жатыр. 

2019 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. 

Конференция ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева шараға қатысушыларды елімізде табысты өткен Волонтер жылының аяқталуымен құттықтады. 

Бүгін алыс-жақын шетелдерден, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Германия, Қырғызстан және Молдова сарапшыларының қатысуымен халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Волонтерлық – рухани деңгейдің көрінісі. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаулы жылдың ресми ашылуында айтқан сөзі. Жақынына көмектескісі келіп тұратын жанашыр халқымыз үшін қиналғанда қол ұшын беру ең алдымен ар-ожданның, таза ниеттің белгісі. Сондықтан да волонтер ретінде ресми тіркеуден өтіп, көпке үлгі көрсеткен Мемлекет басшысының бастамасы қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды, - деп айтты министр.

Ол атағандай, елімізде болған төтенше жағдайдың барлығында да халықтың бір мақсатқа бірігіп, жұмылғанын көрдік. Оған куә Арыс пен Мақтаарал, әлемді дүрліктірген пандемия. 

Ел-жұртымыздың осындай татулығы мен бірлігі кім үшін де үлгі-өнеге екені сөзсіз. Президент жариялаған Волонтер жылының басты нәтижесі де осы, - деп атап өтті Балаева онлайн конференцияда.

Сонымен қатар, министр волонтерлық ұғымының ауқымы кең екенін, ол бір жылмен не бір жобамен шектелмейтінін айтты. Осы орайда біз қоғам болып азаматтық белсенділікті арттыруымыз керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы