16 Тамыз 2026, 18:21 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Балаева «Шәмші Қалдаяқов» медалін мәдениет қайраткерлері үшін маңызды марапат деп атады

Жаңа марапаттар мәдениет қайраткерлерінің көп жылғы еңбегін бағалауға бағытталған.

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Шәмші Қалдаяқов» медалінің тағайындалуы елдегі мәдениет пен өнердің мәртебесін арттыру жолындағы маңызды қадам екенін мәлімдеді.

Балаеваның айтуынша, Мемлекет басшысының жаңа медальді мемлекеттік наградалар жүйесіне енгізу туралы шешімі жаңа марапат түрінің пайда болуы ғана емес, ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін мойындау тұрғысынан да маңызды.

Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыка мәдениетін, композиторлық және орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегіне берілетін жоғары баға болмақ, – деді Аида Балаева.

Ол бүгінде Қазақстанның мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек ететінін атап өтті. Елімізде 85 театр, 286 музей, 67 концерттік және 3054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді.

Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіштердің артында ұлттық мәдениетті күн сайын жасап, сақтап, дамытып, мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген адамдардың еңбегі тұр.

Балаева сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау мемлекеттің негізгі қызмет қағидаттарының бірі ретінде бекітілген жаңа Конституцияның маңызына тоқталды.

Мәдениет саласын қолдау енді мемлекеттің конституциялық міндетіне айналды, – деді министр.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өскен. Биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендия мөлшері де екі есеге артты. Оны жыл сайын 75 адам алады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілді: оның 200-і Астанада, 60-ы Алматыда.

«Шәмші Қалдаяқов» медалімен қатар мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы енгізілді. Ол ұлттық бейнелеу өнері мектебінің дамуына елеулі үлес қосқан бейнелеу өнері өкілдеріне арналған.

Балаева жаңа марапаттар мәдениет қайраткерлерінің көп жылғы еңбегін бағалап, мамандықтың беделін арттыруға және өнер саласындағы жаңа буынды қолдауға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы тағайындалатыны хабарланған.