Балаева қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Санаулы сәттерден кейін Сиыр жылын шығарып салып, Барыс жылын қарсы аламыз. Ел тәуелсіздігінің төртінші онжылдығының басы – келер Жаңа жыл баршаңыз үшін табысты да нәтижелі болсын. Өткен жыл оңай болған жоқ. Бұл ретте, түрлі сын сәттерде жұмыла қимылдап, жауапкершілік пен кәсібилік танытқан барша әріптестеріме зор ризашылығымды білдіремін. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұжымы жыл бойына өз құзыреті шегіндегі барлық бағыт бойынша тындырымды істер атқара білді, -деді министр.
Оның сөзінше, министрлік барлық өңірдегі азаматтық қоғаммен бірігіп бірнеше заң жобаларын әзірлеген.
Сондай-ақ Балаева министрліктік атқарған ең ауқымды жұмыстарын атап өтті.
БАҚ мен журналистерге түрлі деңгейде қолдау көрсеттік, өңірлік және салалық журналистика деңгейін көтеруді қолға алдық, жалған ақпараттарды жоққа шығардық. Шет елдік танымал мультарналардың өнімдерін қазақ тіліне аударып, ерекше балалар үшін арнайы анимация мектебін құрдық. Үкіметтік емес ұйым секторында грант беру жүйесін жетілдіріп, волонтерлік қозғалысты қарқынды дамыттық. Жастар және отбасы саясаты, этносаралық және дінаралық қатынас, қоғамдық сананы жаңғырту салаларында да ауқымды жұмыстар легі атқарылды, - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Ол атағандай, нәтижелі іске асқан барлық жобалар әлі талай уақыт қоғам игілігі мен мемлекет мүддесіне баянды қызмет етеді.
Келіп жеткен Жаңа жыл баршаңыздың шаңырағыңызға бақыты мен шаттығын, жақсылығы мен қуанышын сыйласын. Жарқын болашаққа деген сенімдеріңіз бен үміттеріңіз ақтала берсін. Жаңа жыл құтты болсын, -деді Балаева.