Балаева: Қазақстан креативті индустрияны дамытуда айтарлықтай серпіліс жасады
Елордада ІІ Орталық Азия медиа форумы өз жұмысын бастады. Форумда сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елімізде креативті индустрия дамып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан креативті индустрияны дамыту саласында да айтарлықтай серпіліс жасады. Нақтырақ айтқанда, креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы заң жобасы әзірленді. Осы саладағы кәсіпкерлер үшін салық жеңілдіктері енгізілді, өңірлерде креативті хабтар құрылып жатыр, - деді министр.
Еске салсақ, саланы жүйелі қолдау мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Креативті индустрияны дамыту қорын" құруды тапсырған болатын.
Қордың мақсаты таланттарды анықтау, жобаларды дамыту және қазақстандық контентті халықаралық деңгейде ілгерілету болады. Үкімет креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітіп, іске асырып жатыр. Онда креативті технологияларға жататын 43 қызмет түрі айқындалған. Креативті индустрияларда бүгінде 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 39 мыңнан астам. Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі креативті индустрияның үлесі – 1,02 пайыз, - деп айтты Ақпарат министрі Аида Балаева.
Министр атап өткендей, Қазақстандық сериалдар мен фильмдер телеарна мен стримингтік платформаларда жоғары көрсеткіштерге ие болып, ТМД, Еуропа және Азия елдеріне экспортталып жатыр. Осылайша Қазақстан "Креативті тауарлар мен қызметте"» бағыты бойынша "Жаһандық инновация индексі" рейтингінде 65-ші орынға көтерілді.