Балаева: Қоғамдық бақылау институтын жетілдіру дер кезінде қолға алынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру шеңберінде қоғамдық бақылауды заңнамалық бекіту мәселелері бойынша тәсілдер мен ұсыныстар, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құруға қатысты қоғамдық кеңестер институтын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Аида Балаева өз сөзінде қоғамдық бақылау институтын жетілдірудің дер кезінде жасалып жатқанын және маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.
Болашақ заң жобасының мақсаты - қоғамдық бақылау жүйесінің құқықтық негізін, сондай-ақ азаматтық қоғамды одан әрі дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасауды айқындау.
Заң жобасының міндетіне бірыңғай ұғымдық аппаратты қалыптастыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру қағидаттарының бірыңғай жүйесін белгілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық күш-жігерді біріктірудің құқықтық тетіктерін жасау, сондай-ақ қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің функциясын, өкілеттігі мен жауапкершілігін айқындау кіреді.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құруды көздейтін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларға қатысу арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін кеңейтетін заңға түзетулер әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда бұл түзетулер келісу рәсімінен өтуде - деді Аида Балаева.
Іс-шара барысында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің хатшысы, «Ақпараттық - ресурстық орталық» қоғамдық қорының директоры Көбеева Алтынай Орманқалиқызы, сондай-ақ Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, «KAZBREND» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Жазылбеков Нұрлан Әбдіжапарұлы, «ҚазРЕНА» Қазақстанның Ғылыми-білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры Джапаров Борис Аликенұлы және «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ Басқарма Төрағасы Байсақова Зульфия Мұхамедбекқызы сөз сөйледі. Іс-шара соңында министр кездесудің барлық қатысушыларына белсенді қатысқаны және қоғамдық іске жауапты көзқарасы үшін алғыс білдірді.