Балаева хиджаб туралы: Мәселе дінде емес, діни сауатта

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жат ағым өкілдеріне қатысты заң жобасын қатаңдату жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі министрге «Дін туралы заңға өзгеріс енгізіле ме? Заңнаманы кім әзірлейді және жаңа нормалар қандай болмақ? Біз Өзбекстан секілді хиджабқа тыйым салатын заң шығарып, зайырлық бағытымызды ұстанамыз ба?» деп сұрақ қойды.

Бұл жерде мәселе халықтың діни ұстанымында емес, діни сауатсыздығында болып отыр. Бүгінде дәстүрлі дін ағымдарымен қатар, жат ағымдар да белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл бағытта министрлік 3 бағытта жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы интернет-ресурстарындағы жат діни насихаттау материалдарын анықтау жүргізіліп жатыр. 1 қаңтардан бастап қыркүйектің соңына дейін лаңкестік пен экстремизмді насихаттау бойынша 14 860 материал анықталды. Біз депутаттардың сауалдарын да тыңғылықты зерттейміз. Осы орайда дін туралы заңның бөлек нормаларын қайта қарауды жүзеге асырамыз. Қазіргі заңда диструктивті діни ағымдар бойынша түсінік те жоқ. Бұл қоғамның пікірін тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Бұл бағытта бізге сарапшылардан бөлек теологтар да көмектеседі деп ойлаймын, - деді Балаева. 

Министр никаб пен хиджаб киіп, сақалын жалбыратып, шолақ шалбар кигендерге тыйым салу жайлы айтты.

Біз бұл мәселені зерттеп, оларға тыйым салуды ұсынамыз. Әсіресе, қоғамдық орындарда ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұрады. Себебі бетін тұмшалап жүргендердің тұлғасын анықтау қиын. Сондықтан біз бұл мәселені қоғаммен бірлесе шешеміз. Біз талаптарды күшейтіп, заңды қатаңдату бойынша жұмыс істейміз. Заң жобасы жаңадан әзірленсе де, қосымша нормалар қосылса да өзінің тетіктері бар. Алдымен комиссия құрылып, заң әзірленеді. Ол ашық үкімет порталына түседі. Кейін Мәжіліс пен Сенатқа жолданады. Депутаттық бастама болғандықтан олармен жақын арада қарастырамыз деп ойлаймын, - деді Балаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы