Балаева: Еріктілер өз белсенділігімен жақсылық жасауға талпындырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. КР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстандық еріктілерге атқарылған жұмыстары мен алдағы істері үшін алғысын білдірді.

Осыдан тура бір жыл бұрын, Қостанайда мемлекет басшысы Қазақстанның барлық аймақтарындағы еріктілер ұйымдарының ортақ бастамасын қолдай отырып, 2020 жылды "Еріктілер жылы" деп жариялады. Еріктілер қозғалысының даму деңгейі азаматтық қоғамның жетілуінің, халықтың өзін-өзі тануының, ұйымшылдығының және әлеуметтік белсенділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі екеніне сенімдімін, - деп жазды ол. 

Сонымен қатар, осы жылдың ақпан айында елордада "Біргеміз" еріктілер жылының республикалық фронт-офисі ашылғандығын атап өтті. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде, пандемиямен күрестің ең қиын сәттерінде - карантиндік күндерде еріктілер орасан зор жұмыстар атқарғандығын және бұл бүгінгі күнге дейін жалғасып жатқандығын айтты.
Еріктілер ондаған мың отбасыларға азық-түлік пен гигиеналық заттарды жеткізіп ғана қоймай, өз белсенділігі мен ұйымшылдығы арқылы адамдарды бірлікке, басқаларға ақысыз, қол жетімді көмек көрсетуге талпындырады. Коронавирус Қазақстанға жетпей тұрғанда-ақ, мемлекет басшысы "игі істердің уақыты" келгенін  айта отырып, қазақстандықтарды еріктілер қозғалысына қатысуға шақырды және біздің мыңдаған азаматтарымыз бұл үндеуді қабылдады. Қазақстандық еріктілерге атқарылған жұмыстары мен алдағы істері үшін алғысымды білдіргім келеді, - деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы