Балаева балалар әдебиетінің әлемдік шығармаларын қазақ тіліне аударуды ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Сенатта өткен «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған дөңгелек үстелде балалар әдебиетінің әлемдік шығармаларын қазақ тіліне аударуды ұсынды.
Жеткіншек ұрпақты мемлекеттік тілге үйретуді басты мақсат деп санаймыз. Терең түсінікпен қарасақ, бұл – жаһандану дәуірінде ұлт болмысын сақтайтын басты талап. Бүгінгі балалардың тілін қалыптастыратын басты құрал – теларналардағы мультипликациялық фильмдер мен балалар әдебиеті. Бұл тұрғыда АҚДМ Nickelodeon, Disney телеарналарының өнімдері мен балалар әдебиетінің әлемдік шығармаларын қазақ тіліне аудару бастамасын көтеріп отыр, - деді ол.
Министр атағандай, егер Үкімет тарапынан тиісті қолдау тапқан жағдайда болашақ үшін қайтарымы мол, нәтижесі зор жоба болады.
Кез келген халықтың ұлттық құндылығы - оның терең тарихи және бай мәдениеті. Ал оны жаңғырту сол ұлттың болашағы үшін де, әлемдік өркениет үшін де ерекше маңызға ие. Халқымызды өзге елден ерекшелеп, ұлттығымызды бағалайтын да, болмысымызды даралайтын да - міне осылар. Себебі ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны. Сондықтан осы қағидаттарды ел болашағының негізгі діңгегі ету – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты өзегі, - деді Балаева.