Балабақшаларды лицензиялауды күшейтеміз - министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Белгілі болғандай, 2011 жылдан бері балабақшалар жұмысын бастау үшін лицензия алмайды, тек ғана жұмысын бастағаны туралы хабарлама береді.
2021 жылға дейін олар мемлекеттік бақылау, яғни аттестаттаудан да толығымен босатылған болатын. Лицензиядан босату туралы шешім жекеменшік сектордың жылдам дамуына, балабақшамен қамтуды 99%-ға жеткізуге әсер етті. Бірақ сонымен қатар, ол сапаны қамтамасыз етуге де теріс әсерін тигізді. Соңғы кезде кейбір балабақшалардың жұмысы бойынша ата-аналардың арыздары жиілеп кеткені ешкімге құпия емес. Осыған орай, 2021 жылы мемлекеттік бақылауды қайта енгіздік. Оның нәтижелері де проблемаларды көрсетіп отыр, балабақшалардың 80%-ы бақылаудан өте алмады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, олар аттестациядан өтпеуіне байланысты, формалды түрде жабылады, бірақ лицензия бойынша талап болмаған соң сол ғимаратта, сол проблемалармен қайта ашылып жұмысын жалғастыра береді.
Осыған орай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие сапасын арттыру, мақсатында балабақшаларды кезең-кезеңмен лицензиялау енгізіледі. Сәйкесінше, жаңадан ашылатын балабақшалар енді лицензия алып, барлық талаптарға сай екенін көрсетіп жұмысын бастайтын болады. Ал қазір жұмыс істеп жатқан балабақшалар, тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде кезең-кезеңмен лицензияланады, - деді еліміздің бас ұстазы.