Балабақшаларда қанша бала тегін тамақтанады және мәзір қандай?
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева депутаттардың мектепке дейінгі ұйымдардағы балаларды тамақтандыруға қатысты сауалына ресми жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресми жауапта көрсетілгендей, 2025 жылы мектепке дейінгі ұйымдарда 953 мың бала тамақтанады, олардың ішінде әлеуметтік осал топтардан шыққан 67 мың бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Тегін тамақтандыруға жергілікті бюджеттен 15,4 млрд теңге бөлінген.
Білім беру ұйымдарында тамақтану стандартының негізінде балалардың жас ерекшеліктерін, калориялылығын, маусымдылығын, ескере отырып, перспективалық үлгілік мәзір бекітілді. Тамақтану стандартында қант пен тұз мөлшері азайтылып, көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерінің үлесі арттырылған. Сонымен қатар, мәзірден шұжық өнімдері мен ысталған еттер алынып, қантты сусындар суға ауыстырылған. Ерекше диеталық қажеттілігі бар балалар үшін арнайы талаптар белгіленген.
Тамақтану тарифтері 2025 жылғы 1 қарашадан бастап бекітіліп, инфляция деңгейі ескерілген. Тамақтандыру шығындары жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, өңірлер экономикалық мүмкіндіктеріне қарай қаржыны ұлғайта алады. Азық-түлік жеткізушілерімен келісімшарттар бір жылға жасалады, ал болашақ жылдарға қаржыландыру бар кезде ұзақ мерзімге келісімшартқа рұқсат етіледі, – делінген Үкіметтің жауабында.
Сонымен қатар 2025 жылғы 19 желтоқсанда Аида Балаева төрағалық еткен кеңесте балалардың қауіпсіздігі, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес тамақтандыру мәселелері талқыланды. Білім беру ұйымдарында тамақтандыру сапасы мен балалардың денсаулығы Үкімет бақылауында.