Балабақшада 3 жасар бала уксус ішіп қойған. Қылмыстық іс қозғалды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының жекеменшік балалар бақшасының бірінде оқыс оқиға орын алды. Тәрбиешінің қарауынсыз қалған бала денсаулыққа аса қауіпті сірке суын ішіп қойған.

Оқиға 26 ақпан күні орын алған. Жекеменшік балабақшада 3 жасар бала абайсызда уксус ішіп қойған. Сәби жедел жәрдемнің көмегімен бірден облыстық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазір ол ем қабылдап жатыр.

«Ауыз қуысы күйіп қалған бала ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы бірқалыпты. Балаға қажетті барлық медициналық көмек тиісінше көрсетіліп жатыр. Қазір ол палатада», - дейді облыстық Денсеулық сақтау басқарамасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері аталған фактіге байланысты іс қозғады.

«ҚР Қылмыстық Кодексінің 141 бабына сай қылмыстық тергеу басталды. Іс «Балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабы бойынша қаралып жатыр», - дейді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Мектепке дейінгі мекемеде баланың не себепті қараусыз қалғаны, оның сірке суын қалай ішіп қойғандығы анықталып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы