Балабақша жасындағы бүлдіршіндердің даму картасы енгізілді

Қазақстанның білім беру ұйымдарында мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасы енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасын автоматтандырды. Бұл карта балалардың дамуын бақылауға және олардың бойында дағдылардың қаншалықты қалыптасқанын бағалауға мүмкіндік береді.

Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова атап өткендей, бұл карта бастауыш сынып педагогтері үшін балалардың мектеп бағдарламасын одан әрі меңгеруінде маңызды құрал болмақ. Карта цифрлық форматқа ауыстырылып, Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграцияланған, бұл мектептерге ақпаратты беруде мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді.

Мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасы әр баланың қажеттіліктерін тереңірек түсінуге және оны мектепте сәтті білім алуға дайындауға мүмкіндік береді. Картада дамудың барлық маңызды аспектілері көрсетілген: физикалық жағдайы, Типтік оқу бағдарламасын меңгеру барысында қалыптасатын коммуникативтік, танымдық, зияткерлік, шығармашылық, зерттеушілік және әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары. Мұндай жүйелі тәсіл сапалы білім беруді қамтамасыз етеді және балалардың бастауыш мектепте сәтті бейімделуіне ықпал етеді, — дейді Адамова.

Елімізде 2-6 жас аралығындағы шамамен 1 млн баланы қамтитын 11,5 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің ресми Telegram-каналы
Өзгелердің жаңалығы