Бүгiн 2026, 18:49 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

"Гаджетке тәуелді ұрпақ": Балабақшаларда бала дамуының тежелуі күрт артты

Балалардың сөйлеу қабілеті нашарлап, гаджетке тәуелділік күшейген.

Еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың 700-ден астам басшысы мен маманы қатысқан сауалнама балалардың дамуындағы алаңдатарлық үрдістерді көрсетті. Мамандар соңғы 5 жылда сөйлеу тілінің кешеуілдеуі, гипербелсенділік пен гаджетке тәуелділік күрт артқанын айтады. Қазақстандағы балабақша мамандары балалардың сөйлеу және психикалық дамуындағы өзгерістерге алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Екатерина Смолякова мектепке дейінгі білім беру саласына жүргізілген ауқымды сауалнаманың нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Гаджетке тәуелді ұрпақ

Комитет отырысына дайындық барысында еліміздің әр өңіріндегі мектепке дейінгі ұйымдардың 700-ден астам басшысы мен маманы арасында сауалнама жүргізілген. Оған мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар, шағын орталықтар, мектепалды даярлық сыныптары мен өзге де ұйымдардың өкілдері қатысқан.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, мамандардың 74 пайызы соңғы бес жылда балалар арасында сөйлеу тілінің және психикалық дамудың кешеуілдеуі көбейгенін айтқан. Сонымен қатар респонденттердің 45 пайызы зейін тапшылығы мен гипербелсенділік синдромының (СДВГ) жиілегенін көрсетсе, 42 пайызы балалардың гаджетке тәуелділігі күшейгенін атап өткен.

Депутаттың айтуынша, бұл көрсеткіштер мектепке дейінгі білім беру жүйесі үшін маңызды сигнал болуы тиіс.

Егер бұл мәселелерге балабақшада көңіл бөлінбесе, оның салдары мектепте байқалады, – деді Екатерина Смолякова.

Жалақы төмен

Зерттеу барысында мектепке дейінгі білім беру сапасына кері әсер ететін негізгі мәселелер де анықталған. Мамандардың 42 пайызы төмен жалақыны басты проблема деп атаса, 37 пайызы қаржыландырудың жеткіліксіздігін көрсеткен. Ал 35 пайызы логопед, психолог және дефектолог мамандарының тапшылығына назар аударған.

Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, саланың сапасын төмендететін факторлардың қатарында қаржыландыру мәселелерімен бірге қағазбастылық пен тәрбиешілердің әлеуметтік желілерге контент дайындауға мәжбүр болуы да бар.

Инклюзивті білім беру мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Мамандардың бағалауынша, қазақстандық балабақшалар инклюзияға небәрі 60 пайызға дайын. Респонденттердің 68 пайызы сүйемелдеу мамандарының жетіспейтінін айтса, 36 пайызы арнайы жабдықтардың тапшылығын көрсеткен, - деді депутат.

Кадр мәселесі: Сұраныс жоғары, грант аз

Кадр тапшылығы да күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір мектепке дейінгі ұйымдарға 18 мың маман жетіспейді. Ал 2030 жылға дейін салаға қосымша 20 мың қызметкер қажет болады.

Соған қарамастан «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогикасы» мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттар саны азайып келеді. Егер 2023-2024 оқу жылында бұл бағытқа 1382 грант бөлінсе, 2025-2026 оқу жылында олардың саны 738-ге дейін қысқарған.

Сауалнама нәтижесі бойынша балабақшаларға ең алдымен логопедтер, дефектологтар және тәрбиешілер қажет. Ал мамандардың жұмыстан кетуінің басты себебі ретінде төмен жалақы аталған.

Комитет отырысында балалардың қауіпсіздігі мәселесі де көтерілді. Бас прокуратураның дерегіне сәйкес, балабақшаларда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны артып келеді. 2023 жылы мұндай 28 факт тіркелсе, 2024 жылы олардың саны 59-ға жеткен. Ал 2025 жылы 63 құқық бұзушылық тіркелген.

Мамандар балабақшалардың біртіндеп «мини-мектепке» айналып бара жатқанына да алаңдаушылық білдірген. Олардың пікірінше, балабақша бірінші сыныпқа дайындық орны ғана емес, баланың жан-жақты дамуына арналған кеңістік болуы тиіс.

Осыған байланысты практиктер балаларды мектепке 7 жастан қабылдау, ойын арқылы оқыту қағидатын сақтау және балалардың гаджет пайдалану уақытын заңнамалық деңгейде шектеу сияқты ұсыныстар айтқан.

Депутаттың сөзінше, мықты мектеп бірінші сыныптан емес, балабақшадан басталады. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі мәселелерді шешу еліміздің болашағы үшін маңызды.

Аида Шакибекова