Енді балабақшаларда ағылшын міндетті пән ретінде оқытылмайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін көрнекті ғалым, Алаш арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Көзі тірісінде қазақ мемлекеті, тілі мен әдебиеті, білімі мен ғылымы, журналистикасының дамуы үшін сүбелі үлес қосқан арда азаматтың туған күні Қазақстан халқының тілдері күні деп белгіленуі де тегін емес.
Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook-тегі парақшасында жазды.
Осыдан бір ай бұрын Абай күнін бүкіл ел болып атап өттік. Осы тұста Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын тілге тиек еткен жөн. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы алғашқы іргелі ғылыми еңбектердің бірі ретінде аталмыш мақала Абайдың рухани мұрасын кеңінен сипаттап берді. Бұл зерттеудің Абайтану ғылымында, қазақ руханиятында алар орны ерекше. Сонымен қатар, ғалымның әдебиет сыны, тарихы мен теориясы, әдіснамасы саласында қажырлы еңбек етті. Күні бүгінге дейін әдебиетші ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышын» басшылыққа алады, - деді министр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде».
Осы орайда, Білім және ғылым министрлігінің қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты қолға алған жұмыстарына қысқаша тоқталып өтуді жөн көрдім. Жалпы, министрлік білім беру мекемелерінде қазақ тілінің оқытылуына қатысты біршама ауқымды өзгеріс жасауда. Атап айтқанда, енді балабақшаларда ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылмайды. Бала жастайынан өз ана тілінде тәрбие алуы керек. Осы тұста, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс» деген ұсынысы біздің жұмысымызда қолданылады. Бұдан бөлек, қазақ тілінің бағдарламасы да өзгертілмек. Алдағы уақытта грамматиканы оқытуға бөлінетін сағат саны артады. Оқушының дұрыс жазуы мен сөйлеуі үшін, ойын тиянақты және сауатты жеткізудегі грамматиканың орны ерекше. Бұл тұста біз тағы да Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінеміз. Өздеріңізге белгілі, «Әліппені» мемлекеттік стандартқа енгіздік, оның бағдарламасы да дайындалды, оқулық дайындалып апробацияға кіріп, келер оқу жылынан бастап, біз бірінші сыныптарға Ана тілімен бірге қайта енгіземіз. Ол Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған методика бойынша дайындалуда, - деді ол.
Оның сөзінше, қазақ фонетикасын жетік меңгерген ғалым қазақ тілін үйретудің ең оңай принципін ұсынды.
Отандық ғалымдар мен баспагерлер қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында Әліппенің жобалық нұсқасын қоғаммен бірге талқылаймыз. Сонымен қатар, мектепте қазақ әдебиетінің оқытылуы қайта қарастырылады. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Әдебиетші ғалымдарды, білікті ұстаздарды, осы саланың мамандарын басын қосатын арнайы комиссия құрылып, қазақ әдебиетінің мектепте оқыту әдіснамасы, бағдарламасы мен оқулығы қайта пысықталмақ. Әдебиет пәні аясында оқытылатын шығармалар оқушының жас ерекшелігіне қарай, жанр, кезең, сюжеттік желісінің алуандығы тұрғысынан іріктеліп, отандық классиктердің еңбектері ерекше назарға алынады. Жалпы, министрлік әр кез қазақ тілі мен әдебиетінің дамуын басты назарда ұстайды. Осы бағыттағы жұмыс Ғылым комитетіне қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет институты арқылы да жүргізіліп келеді, - деді ол.
Енді алдағы уақытта білім министрлігіне бұрынғыдан да екі есе үлкен жауапкершілік жүктелмек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келер жылдан бастап Тіл комитеті Білім және ғылым министрлігінің құрамына кіреді. Министрлік тәрбие мен білімді, ғылымды дамытумен қатар тіл саясатын да жүргізеді. Бұл орынды да. Мемлекеттік тіл саясаты балабақшадан бастап университетке дейін дұрыс жолға қойылу керек. Ахмет Байтұрсынұлы өскелең ұрпақты оқу-білімге, мәдениетті тануға, әлеуметтік сананы жаңғыртуға шақырып, еліміздің азаттық қол жеткізгендігін қалады. Шүкір, біз бүгін бабаларымыз аңсаған мақсат-мұратқа жеттік. Кейінгі толқын, өскелең ұрпақ туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арнаған бабаларымызды ардақтап, соларға қарап бой түзеуі керек. Мемлекет басшысы да өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген қағидатын берік ұстануға шақырады, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
«Наз» мемлекеттік би театрына - 25 жыл
Өзгелердің жаңалығы