30 Қыркүйек 2026, 11:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Балабақша асханасы: Балалардың қауіпсіздігі үшін қандай талаптар сақталуы керек?

Балабақшаның ас блогында жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді пайдалануға және балаларды тағам дайындау, ыдыс жуу секілді жұмыстарға тартуға болмайды. Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маманның айтуынша, тәрбиеленушілердің денсаулығы мен қауіпсіздігі ас блогындағы санитариялық талаптардың сақталуына тікелей байланысты. Сондықтан азық-түлікті қабылдаудан бастап дайын тағамды ұсынуға дейінгі барлық кезең бақылауда болуы тиіс.

Ас блогының үй-жайлары таза ұсталып, қажетті технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек. Жабдықтар шикі өнімдер мен тұтынуға дайын тағамдардың жанасуына жол бермейтіндей орналастырылады. Сондай-ақ оларды жууға, дезинфекциялауға және жөндеуге еркін қол жеткізу мүмкіндігі болуы қажет.

Шикізат пен дайын өнімдер үшін бөлек технологиялық және тоңазытқыш жабдықтары, өндірістік үстелдер, асүй ыдыстары пайдаланылады. Өнімдерді бөлшектеуге арналған құралдар әріппен немесе түспен таңбалануы тиіс.

Тамақ өнімдерін қабылдау кезінде олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары, жарамдылық мерзімі, қаптамасының бүтіндігі және сақтау жағдайлары тексеріледі, – деді ол.

Жарамдылық мерзімі өткен, бүліну немесе ыдырау белгілері бар өнімдерді пайдалануға жол берілмейді. Балалардың тамақтануы бекітілген мәзірге сәйкес ұйымдастырылып, дайын тағамның сапасы мен қауіпсіздігін жауапты тұлғалар бақылайды. Ас блогының қызметкерлері жеке бас гигиенасын сақтап, арнайы киіммен жұмыс істеуі қажет.

Дайындалған тағамның әр партиясынан жауапты қызметкер тәуліктік сынама алады. Ол арнайы тоңазытқышта немесе дайын өнімдерге арналған тоңазытқыштың бөлек бөлінген орнында +2 °C-тан +6 °C-қа дейінгі температурада кемінде 48 сағат сақталуы тиіс, - деді Мұхамғали Арыспаев.

Сонымен қатар балалардың ас блогының өндірістік үй-жайларында болуына тыйым салынады. Оларды тағам дайындау, көкөніс тазалау, дайын асты тарату, нан турау, ыдыс жуу және өндірістік үй-жайларды жинау жұмыстарына тартуға болмайды.

Маман ас блогының тазалығын сақтау, ыдыстар мен жабдықтарды уақтылы тазалап, өңдеу балалар арасында тағамнан улану мен ішек инфекцияларының алдын алудың негізгі шараларының бірі екенін атап өтті.